Алакөл ауданында әмбебап дене шынықтыру – сауықтыру кешені ашылды

Алакөл ауданында әмбебап дене шынықтыру – сауықтыру кешені ашылды

Бүгін Алакөл ауданы Үшарал қаласында мемлекеттік – жекеменшік әріптестік аясында салынған жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлеріне арналған «Тарлан» атты әмбебап дене шынықтыру – сауықтыру кешенінің (ДСК) салтанатты ашылуы өтті. Жаңа спорт кешенінде келушілердің спорттың бокс, күрес, дзюдо, таеквондо, ауыр атлетика және футбол түрлерімен айналысуға барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Жергілікті тұрғындардың осы бір қуанышын бөлісуге Алматы облысының әкімі Амандық Баталов арнайы келді.

 

- Жаңа дене шынықтыру – сауықтыру кешенінің ашылуына орай барша Алакөл ауданының тұрғындарын қуаныштарымен құттықтаймын. «Туған жер» бағдарламасы аясында сіздердің жерлестеріңіз Сауат Мынбаев есімді азамат өз қаражатына дәл осындай зәулім кешен тұрғызып берді. Бұл игі іс аудан тұрғындары үшін спортпен шұғылдануға және салауатты өмір салтын ұстануға жаңа мүмкіндіктер ашады. Алакөл ауданы соңғы жылдары қарыштап дамып келе жатқандығы көңіл қуантады.

 

Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру үшін біз барлық күш-жігерімізді салып, еңбектенудеміз. Мәселен, 2014 жылы Алакөлде демалушылар саны 140 мың адам болса, биылғы жылы көлге келіп демалып қайтқан азаматтардың саны миллионнан асты. Бұл атқарылып жатқан жұмыстардың жарқын нәтижесі. Осы дене шынықтыру – сауықтыру кешенінен Алакөл ауданын әлемге танытатын жаңа чемпиондардың жаттығып шығарына сенім білдіремін. Баршаңызды осынау айтулы шарамен шын жүректен құттықтаймын!, - деді А.Баталов.

 

Осыдан кейін жиналған көпшілікті бокстан Олимпиада чемпионы Бахтияр Артаев та құттықтады. Ғимараттың лентасы қиылып, қонақтар мен қала тұрғындары кешеннің ішкі құрылымымен танысты.

 

Осыған дейін аталып өткен дене шынықтыру – сауықтыру кешенінің (ДСК) құрылысына 500 млн. тг. бөлінген. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың сәуірінде басталған болатын. Құрылысты жүргізген - «BB Company» ЖШС. Ғимараттың ауданы 1100 шаршы метр, ал кешеннің жалпы ауданы – 6000 шаршы метр. Түрлі спортқа бейімделген залдардан бөлек, жаттықтырушылар мен дәрігерлер бөлмесі, киім ауыстыру және жуыну бөлмелері қарастырылған. Футбол алаңы мен «Street workout» қалашығы кешенге жапсарласа орналасқан.

 

Айта кету керек, бүгінгі күні өңірде 3 мыңнан астам спортпен шұғылданушыларға арналған залдар мен 37 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері қызмет көрсетуде. Қазіргі таңда Алматы облысының Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Кербұлақ және Алакөл аудандарында жалпы саны 4 дене шынықтыру – сауықтыру кешендері (ДСК) салынған. Сондай-ақ Қарасай ауданындағы Қаскелен қаласы мен Шамалған ауылында, Талғар ауданының Талғар қаласында, Райымбек ауданының Кеген ауылында, Ақсу ауданының Жансүгіров кентінде ДСК құрылысы жүріп жатыр.

 

2019 - 2021 жылдар аралығында Алакөл ауданы Достық ауылында, Ескелді ауданының Қарабұлақ кентінде, Райымбек ауданының Нарынқол ауылында, Балқаш ауданының Бақанас ауылында, Іле ауданының Байсерке ауылында, Көксу ауданының Балпық би кентінде де дене шынықтыру – сауықтыру кешендері салынатын болады.