
Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов Талдықорған қаласындағы бірнеше құрылыс алаңдарында болды. Бұған дейін аралауы барысында айтылған сын-ескертпелердің орындалуы мен құрылыс қарқынын біліп қайтты.
І. Жансүгіров атындағы Мәдениет үйінің сыртқы келбеті жаңа кейіппен жасанбақшы. Оның күрделі жөндеуін жүргізіп жатқан «KazStoryCompany» мекемесі Мәдениет үйінің алдына қою жоспарланып отырған домбырашы қыз бен қобыз тартқан жігіт мүсіндерінің эскиздерін көрсетті. Облыс басшысы аталмыш эскиздерге және ғимараттың шатыры мен сыртқы әрлеу жұмыстарына қатысты өз ұсыныс ескертпелерін айтты.
Қаланың орталық алаңында алдағы уақытта Жетісудың жеті өзенінің символындай болып 7 субұрқақ сән беріп тұрмақ. Қазіргі қолданыста бар субұрқақтармен қатар суы жерден шашылатын субұрқақтар қойылмақ. Орталық алаңдағы жаңғырту жұмыстарымен айналысып жатқан жұмысшы санын аздығына ескерту жасаған Амандық Ғаббасұлы адам санын көбейту туралы тапсырма берді.
Мұнан кейін облыс басшысы А. Баталов Біржан сал көшесіндегі жаңа сквердің жасалу барысын көрді. Құрылыс жүргізу барысында оң жағындағы жаяу жүргінші жолы мен сол жағындағы тұрғын үйлердің орналасу деңгейінің қаперге алынбағаны облыс әкімінің ашуын келтірді. Тұрғын үй мен сквер арасындағы екі метрлік жер мүлде назардан тыс қалған. Тынығушыларға арнап төселіп жатқан жолдың бір жағы түзу, екінші жағы ирек қиықтар түрінде төселуде. Сквердің ландшафтық дизайнын мүлде жарамсыз деген облыс әкімі А. Баталов мұндағы бүкіл жұмысты тоқтатып, түгелдей қайта жоспарлауды тапсырды.
Келесі нысан қаланың оңтүстік-батыс тұрғын ауданындағы 1200 орындық мектеп болды. Алдымен мектеп алдына жиналған 6, 7 шағын ауданда тұратын ата-аналармен жолықты. Облыс әкімін арнайы күтіп тұрған ата-аналар жаңа мектепке балаларының құжаттарын тапсыруға келгенмен, қабылдамай жатқанын айтып, шағымдарын жеткізді. Өз кезегінде облыс басшысы биылғы оқу жылында осы мектепке көшіру жоспарланған № 24 мектеп-лицейдің басшылығына «Бұл осы жаңа шағын аудандардың балаларына арналған мектеп. Егер осы маңның балаларын оқытпайтын болсаңдар, онда бұрынғы ғимараттарыңа қайтыңдар», - деген шарт қойды. Ата-аналар қуаныштарын жасырмай, ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ осы күні А. Баталов 300 орындық музыка мектебінің және жаңа драма театр құрылыстарының қарқынымен танысты. Театр құрылысының өзіне тән ерекшеліктеріне, әсіресе дизайнына, интерьері мен экстерьеріне айрықша назар аударды. Сәулеттік образын, түстерін, өрнектерін, акустикалық, вентилияциялық мүмкіндіктерін түгелдей талапқа сай жасауды тапсырды.