
Облыстық мәслихаттың кезектен тыс XXXIV сессиясында халық қалаулылары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде ұсынылған 2 жобадағы мемлекеттік міндеттемелерді талқылап, шешім қабылдады.
Облысты дамыту бағдарламасының және 2016-2018 жылдарға арналған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын жүзеге асыру жөніндегі Жол картасының аясында жыл сайын кем дегенде 5 МЖӘ жобаларын жүзеге асыру жоспарланған.
Облыстық мәслихаттың кезектен тыс XXXIV сессиясында депутаттарының қарауына әлеуметтік қорғау және спорт салаларындағы осындай 2 жоба бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы ұсыныс енгізілді. Атап айтқанда, «Алматы облысының Талғар ауданында мүгедек балаларға арналған күндізгі орталық» және Текелі қаласында Спорт кешенінің қызмет көрсету жобасы.
Алғашқы жоба бойынша мүгедек балаларға әлеуметтік-оңалту және педагогикалық шараларды жүргізуге бағытталған арнайы әлеуметтік кешенді қызметтер арқылы жан-жақты көмек көрсететін күндізгі орталық құру көзделген. Ал екінші жобада Текелі қаласындағы Спорт кешенінде жалпы алаңы 361,3 шаршы метрлік екі зал ауыр атлетикамен шұғылдануға арналып жабдықталатын болады деп жоспарланған. Ол ауыр атлетика бойынша оқу-жаттығу жүргізуге, түрлі облыстық іс шаралар өткізуге және Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі оқушыларының қажеттілігіне лайықталып жұмыс істейді. Сонымен қатар бұқаралық спортты дамытуға септігін тигізетін жоба болмақ.
Жалпы, облыста 2018-2019 жылдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін пайдалана отырып 50,5 млрд. теңгеге 31 жоба жүзеге асыру жоспарланған.