
Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов тиісті құрылымдар мамандарымен бірге Талдықорған қаласындағы құрылыс нысандарын аралады.
Ең алдымен І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының жөндеу жұмыстарымен танысқан облыс басшысына «Kazstroy A & G Company» ЖШС бас директоры Әділжан Тұрсынжанов құрылыс барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, Мәдениет үйінің жөндеу жұмыстары әзірге 50 % атқарылды. Құрылыс алаңында 50 адам жұмыс істесе, ал цехтарда 20 адам материалдар даярлау ісімен айналысуда. Осы жерде ғимаратты безендіру мен көркемдеу барысында пайдаланылатын құрылыс материалдары мен салынатын ою-өрнек, кескін түрлері облыс басшысымен келісілді. Сонымен қатар жеті субұрқағы болатын орталық алаңды қайта жаңғыртып, маңайын абаттандыру ісінің қарқынымен танысқан облыс әкімі А. Баталов арқар бейнелі субұрқақтың негізгі мазмұны сақталып, тек безендірілуін өзгерту қажеттігін айтты. Жалпы өңір басшысы талдықорғандықтар қала күнін Мәдениет үйі мен фонтандардың құрылысын қоса алғанда жаңа келбетке ие болған орталық алаңда қарсы алуы тиіс екенін қатаң ескертті. Яғни аталған нысандар 20 қыркүйекте толық аяқталып, тапсырылуы тиіс. Осы арада қала әкімі Дастан Шалтабаев қаланы абаттандыру бойынша жаңа шешімдерін ұсынып, жобаларын көрсетті.
Қаланың оңтүстік-батысында салынған жаңа 1200 орындық мектептің сыртқы сылағының тегіс еместігіне, кейбір құрылыс нормаларының сақталу талаптарына қатысты сын айтылды. Құрылыс материалдарын қолдану барасында жобадағы нұсқадан ауытқып кеткен тұстары да бар. Ауладағы көк өскін өсетін учаскенің жері тегістелмеген және өсімдік өсіруге қолайлы қара топырақ қабаты төселмеген. Спорт залын, тамақтану блогын және басқа да бөліктерін аралап көрген А. Баталов аталған кемшіліктерге қатысты құрылысқа жауапты мемлекеттік органдар өкілдеріне бір аптаның ішінде комиссиялы түрде ғимараттың барлық дефектілерін анықтап алып келуді, соған сәйкес кемшіліктерді жоюға уақытты өзі белгілеп беретінін қадап айтты.
Сондай-ақ осы тұрғын ауданда 300 орындық музыка мектебі саланып жатқаны белгілі. Осы нысанда болған облыс әкімі А. Баталовқа құрылыс жұмыстарының барысымен мердігер мекеме «Стройсервис-97» ЖШС-ның бас инженері Алтай Исаев таныстырды. Қазір мұнда 75 адам еңбек етуде. Құрылыс көлемінің 3/4-і аяқталған. Ендігі жерде Чехиядан және басқа да шет елден әкелінетін пианино, рояль сияқты музыкалық аспаптар қабылдана бастап, құрал-жабдықтарды орнату жұмыстары басталады. «Бұл өзінің концерт залымен, музыкалық мектепке тән барлық ерекшеліктері ескерілген заманауи өнер мектебі болуы тиіс. Сондықтан ең бірінші сапалы құрылысты талап етемін», - деді А. Баталов. Құрылысы толығымен 20 қыркүйекте аяқталады. Атап өтсек, бұл мектепке ақын Сараның аты берілмек.
Бұдан соң облыс әкімі жаңа драма театры мен солтүстік-батыс ауданда салынып жатқан 1200 орындық мектепте де болып, құрылыс жұмыстарымен танысты. Театр ғимараты 1 қазанда пайдалануға дайын болса, мектеп жаңа оқу жылында есігін айқара ашпақ.