Астанада «Шарын шатқалы», «Таңбалы тас», «Есік қорғандары» мен «Балқаш көлі» бар

Астанада «Шарын шатқалы», «Таңбалы тас», «Есік қорғандары» мен «Балқаш көлі» бар

Алматы облысының тамаша табиғатының бір бөлшегі Астанада пайда болды. Енді кез келген астаналық және бас қала қонақтары Жетісудың Таңбалы Тас жартасын, Балқаш көлін, Есік қорғандары мен Шарын шатқалын қаладан шықпай-ақ тамашалай алады. Табиғаттың бұл тартуларының көрінісі Елорданың 20 жылдығына арнап жаңғыртылған «Жетісу» саябағында орын тепкен.

 

Мерейтой қарсаңында пайдалануға берілген саябақтағы «Тәңір» алаңы Жетісу табиғатының бір бөлшегін сыйғызып тұр. Мұнда көпшілікке таныс петроглифтері бар тастар үйіндісінен тұратын «Таңбалы тас» мүсіндік композициясы орналасқан. Бұл Алматы облысындағы киелі петроглифтердің жиынтық образы деуге болады.

 

Саябақтың бас сахнасы атақты «Шарын шатқалы» бейнесінде жасалған. Бұл өз кезегінде қызықты композиция болуымен қатар сахна мен жаңадан ашылған 180 орындық амфитеатрға фон ретінде қызмет етіп тұр.

 

Сонымен қатар «Тәңір» алаңында «Балқаш көліне» құйып жатқан жасанды «Іле» өзені орналасқан. Декоративті су көзі байтақ Қазақстан жеріндегі Балқаш көлінің символы іспеттес.

 

Заманауи роллердром «Есік қорғандары» түрінде ұсынылған. Сонымен қатар осы алаңда Жетісудың «Шаған сайы» да көрініс тапқан.

 

Осылайша, саябақтағы әрбір элемент маңызды мән-мазмұнға ие болған. Олардың әрқайсысы эстетикалық та, танымдық та, қолданыстық міндеттерді де атқарып тұр.

 

Атап өтсек, Алматы облысында 2017 жылы 1,6 миллионға жуық адамға туристік қызмет көтсерілген. Бұл 2016 жылға қарағанда 27,7 %-ке өскен. Орналасу нысандарының көрсеткен қызметінің жалпы көлемі 8,3 млрд. теңгені құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге өскен. Нақты көлем индексі 173,2 %, бұл республикалық деңгейден 47 %) жоғары (126,2%). Өткен жылы орналасу нысандарының саны 680-ге жетіп, жалпы құны 5,3 млрд. теңге болатын 33 нысан іске қосылған. Бұл салада 483 жаңа жұмыс орны құрылды.