
Астанада Жібек жолы бойымен жылжып бара жатқан көш керуенінің, яғни түйелер мен керуеншінің мүсіндік композициясы жаңа келбетке ие болған «Жетісу» саябағына орнатылды.
Елорда төріндегі Жетісудың бір бөлшегіне айналған «Жетісу» саябағы келушілерді Жетісудың жеті өзенін және облыстағы тауларын, оның ең биік шыңы Хантәңіріні бейнелейін кіреберіс аркасымен қарсы алады.
Жетісу өлкесі Шығыс пен Батысты жалғастырушы Ұлы Жібек жолының негізгі қақпасы болғаны бұрыннан белгілі. Бұл идея өз кезегінде саябақтағы «Керуен» мүсіндік композициясында қамтылған.
Атап өтсек, Президенттің «Жаңа Жібек жолы» жобасының шеңберінде бүгінде Еуропа мен Азияны байланыстыратын көлік-логистикалық хабтың бір бөлігі Алматы облысының аумағы арқылы өтеді. Бұл орайда аса маңызды нысан ретінде Панфилов ауданы аумағындағы «Қорғас – Шығыс қақпасы» ЕЭА-дағы Құрғақ портты айтуға болады. Бұл - Қазақстандағы алғашқы құрақ порт және Орта Азиядағы аса ірі логистикалық парк. Сөйтіп, «Жетісу» саябағындағы композиция арқылы тарихи Ұлы Жібек жолы мен заманауи Жаңа Жібек жолының арасындағы байланыс көрсетілген.
Саябақтың тағы бір ерекшелігі ретінде «Тәңірі» алаңының орталығында орнатылған Wi-Fi ағашын айтуға болады. Бұл ағаш гаджетқұмарлар үшін аса пайдалы. Мұнда мобильді және басқа да құрылғыларды қуаттандыруға, сол сияқты интернет желісіне сымсыз қосылуға болады. Бұл композицияның құрамында құрастырылған күн панельдері кешеніндегі жарықдиодты шамдар, аккумулятор батареялары, сол сияқты USB таратушы дөңгелек орындықтар бар.