Дін істері және азаматтық қоғам министрінің сапары

Дін істері және азаматтық қоғам министрінің сапары

Алматы облысына жұмыс сапарымен ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев келді. Министр облыс әкімі Амандық Баталовпен бірге облыстық дін істері басқармасының жанынан ашылған орталықтардың жұмысымен танысты. Атап айтқанда, дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы мен діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығы. Аталмыш орталықтардың жұмысымен басқарма басшысы Рахмет Есдәулетов таныстырды.

 

Мұнан соң Д. Кәлетаев ҚМДБ-ның Алматы облысындағы өкілдерімен жиын өткізді.

 

Алдымен облыс әкімі Амандық Баталов сөз алып, өңірде дін саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Оның айтуынша, облыстық дін істері басқармасы мен қарауындағы орталықтардың материалдық-техникалық базасын нығайту үшін басқарма бюджеті 310 млн. теңгеге жеткізілген.

 

Министр өңірдегі конфессияаралық тұрақтылық пен келісімді сақтауда атқарылған жұмыстарға оң баға бере келе, имамдардың білімін жетілдіру мен кадрлық мәселелерді шешуге назар аудару керектігін атап өтті. Қазіргі кезде облыстағы 438 мешітте 533 имам жұмыс істейді, оның 154-інің жоғары білімі бар, 88-і медресе бітірген, 219-ы арнайы оқыту курстарынан өткен, 71 имам – орта білімді.

 

- Бұл бағытта облыста жақсы нәтиже бар. Жұмыс бар жерде мәселе туындауы заңдылық. Сіздерде 11 вакансия бар, осы кадрлық мәселені шешу керек. Әрбір мешітте имам болуына қол жеткізуге тиіспіз, - деді Д. Кәлетаев.

 

Жиын барысында мектептегі орамал тағатын оқушылар, бетін бүркеп жауып жүретіндер туралы сауалдар қойылды. Дархан Кәлетаев діни қызмет туралы заң жобасына енгізілген ұсыныстар мен өзгерістерге тоқталып, мектептің бірыңғай формасын кию талабын барлық оқушы сақтауы тиіс екенін айтты. Сонымен қатар министр бетін бүркеп жүру біздің мәдениетімізге де, тарихымызға да жат екенін тілге тиек етті.

 

ҚМДБ-ның Талдықорған және Алматы өңірлеріндегі уәкілетті өкілдері Ардақ Оразбаев пен Қуаныш Наржанов та сөз алып бүгінгі пікіралмасудың және көтерілген мәселелер мен қойылған сауалдардың маңыздылығын атап өтті.

 

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов министрге облысқа келген сапары мен берген бағасы үшін ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта кадр мәселесін шешуді қадағалауына алатынын жеткізді.

 

Мұнан соң министр облыс орталығының көрнекті жерлерін аралап, «Иман» мешітінде, Қаратал жағалауында болды.

 

Атап өтсек, ертең Дархан Кәлетаев «ASAR» ҮЕҰ – бизнес – мемлекет үш жақты ынтымақтастық ІІ республикалық форумының жұмысына қатысады.