
Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде биылғы жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде енгізілетін атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа талаптары туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Зайда Ілімжанова мен осы басқарманың әлеуметтік көмек және мүгедектермен жұмыс бөлімінің басшысы Назгүл Молбосынова айтып берді.
З. Ілімжанованың айтуынша, Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) берудің жаңа талаптары 2017 жылы «Өрлеу» жобасы аясында апробациядан өткізілген еді. Бұл мақсатқа 350,3 млн. теңге бөлінген болатын. Бұл жобаның жүзеге асырылу кезеңінде облыс бойынша 1372 отбасы немесе отбасылардың 8001 мүшесі жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды, соның 1591-і еңбекке қабілетті жандар.
АӘК-ті жаңа форматта төлеуге Алматы облысы бойынша 32564 отбасына (162 970 алушы) 2772,9 млн. теңге қарастырылған. Оның ішінде жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы 981,4 млн. теңгені құрайды. АӘК-мен елді мекендердің тұрғындарын неғұрлым көп қамту мақсатында жұмыспен қамту орталықтарында 22 кеңесші мен 110 ассистент жұмыс істейді.
2018 жылдың 1 маусымына АӘК 8288 отбасына (отбасылардың 42769 мүшесі) 770,0 млн. теңге берілді. Жыл соңына дейін жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен АӘК алушылар қатарындағы 8278 адамды қамту жоспарланған. 1 маусымдағы мәлімет бойынша, 2063 адам қамтылды, оның 1053-і – тұрақты жұмысқа орналастырылды, 541-і қоғамдық жұмысқа жолдама алды, 116-сы әлеуметтік жұмыс орындарына, 337-сі қысқа мерзімдік жұмысқа, 7-еуі - жастар практикасына жіберілді, 9 азаматтың кәсіпкерлік бастамасына қолдау көрсетілді. Сонымен қатар жеке ісін ашуға және жеке қосалқы шаруашылығын дамытуға 19 отбасы бір реттік көмек алды.