
Жуырда Астана қаласына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Амандық Баталов «Арай» саябағын жаңғырту және көркейту жұмыстарының барысымен танысты. Өңір басшысы құрылысты жүргізіп жатқан «BI Group» және «BI Engineering» мердігер компаниялардың өкілдерімен кездесті, сондай-ақ саябақтың салтанатты ашылуын ұйымдастыру шаралары жайын талқылады.
Жиында белгілі болғандай, барлық құрылыс жұмыстарының 70 %-і аяқталған, оның ішінде барлық қажетті инфрақұрылым жүргізумен, тіпті жер асты инфрақұрылымымен байланысты да күрделі жұмыстар біткен. Саябақта қойылады деп жоспарланған шағын сәулеттік формалар толықтай құйылып, орнатуға дайын. Қазір саябақтың әр бұрышында қызу жұмыс жүріп жатыр, оған 700-дей адам тартылған. Жоспар бойынша маусымның аяғында саябақ толық дайын болады. Оның алаңы 15 га.
Саябақты аралап көрген облыс әкімі А. Баталов кіреберіске төселген тротуар плиталарының сапасына, сәулеттік формаларды орналастыратын орындарға, сонымен қатар жасыл желектің көлеміне қатысты бірқатар ескертпелер айтты. Жалпы жасалған жұмыстар көңіл көншітерлік дегенмен, облыс басшысы құрылыс бекітілген кестеден кешіктірілмей атқарылуы қажеттігін еске салды.
Еске салсақ, қайта түлеп, жаңарған «Арай» саябағы Астананың 20 жылдығына Алматы облысының тартуы болмақ.