Қарасай ауданының әкімі ауысты

Қарасай ауданының әкімі ауысты

Бүгін облыс әкімі А. Баталов жұмыс сапарын Қарасай ауданында жалғастырып, онда алдымен аудандық мәслихат сессиясына қатысты. Мәслихат депутаттарына Президент Әкімшілігінің келісімен Қарасай ауданының әкімі лауазымына Жандарбек Далабаевты ұсынатынын жеткізді. Ал осы лауазымда отырған Махаббат Бигелдиевтің басқа қызметке ауысатынын айтты. Депутаттар ұсынысқа бірауыздан қолдау білдіріп, дауыс берді. 

Мұнан соң аудан активімен кездескен облыс басшысы А. Баталов активке жаңа әкімді таныстырды. Махаббат Бигелдиевтің ауданда жақсы жұмыс істегенін, атқарған істері ауқымды екенін айта келе, М. Сәдуақасұлына рахмет айтты. 

- Қарасай ауданы - жүгі ауқымды, жауапкершілігі мол өңір. Сондықтан бұл ауданға тәжірибесі мол, білікті кадр Жандарбек Далабаевты тағайындап отырмыз, - дей келе, жаңа әкімнің алдына ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты тапсырмалар берді. 

Аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Сағат Мәсімақынов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубек Қыдыралинов сөз алып, М. Бигелдиевтің жаңа жұмысына сәттілік тілеп, ауданның жаңа басшысы Ж. Далабаевпен бірлесіп жұмыс істеуге әзір екендіктерін айтты. 

 

Тағайындау

 

Алматы облысы әкімінің өкімімен Жандарбек Ермекұлы Далабаев Қарасай ауданының әкімі лауазымына тағайындалды.

 

 

Жандарбек Ермекұлы ДАЛАБАЕВ

 

1959 жылы туған. Қазақтың С. Киров атындағы мемлекеттік университетін және Алматы зоотехникалық мал дәрігерлік институтін философия оқытушысы, зооинженер мамандықтары бойынша бітірген.

 

Еңбек жолын «Қастек» мемлекеттік асыл тұқымды қой зауытының № 2 бөлімшесінде шопанның көмекшісі болып бастаған.

 

Әр жылдарда «Октябрьдің 60 жылдығы» атындағы асыл тұқымды қой зауыты комсомол комитетінің босатылған хатшысы, Жамбыл аудандық партия комитетінің үгіт және насихат, идеология бөлімдерінің нұсқаушысы, жалпы бөлімнің меңгерушісі, «Салқын-Саз» АШК төрағасының орынбасары, бас зоотехнигі, «Қастек» мемлекеттік асыл тұқымды қой зауытының аға зоотехнигі-селекционері, «Прогресс» кеңшары директорының орынбасары. Жамбыл аудандық «Маркетинг және менеджмент орталығы» ЖШС директоры, аудандық «Отан» партиясы ұйымының консультанты, аудан әкімі аппаратының ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, аудан әкімі аппаратының басшысы, Ұзынағаш ауылындағы Ш. Уәлиханов атындағы орта мектеп директоры, аудандық мәдениет және спорт бөлімі бастығының м.а., аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімі, облыстық білім басқармасының басшысы, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары болды.

 

2014 жылдың тамыз айынан - Жамбыл ауданының әкімі.

 

 Хроника

Алматы облысы әкімінің өкімімен Махаббат Сәдуақасұлы Бигелдиев басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қарасай ауданының әкімі қызметінен босатылды.