
Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов Жамбыл ауданына жұмыс сапарымен барып, аудандық мәслихаттың сессиясында Президент Әкімшілігінің келісімімен аудан әкімі лауазымына Бағдат Әлиевті ұсынатынын айтты. Ұсыныс депутаттар тарапынан қолдау тапқан соң облыс басшысы аудан активімен кездесті.
Жиында бүгінге дейін ауданды басқарған Жандарбек Далабаевтың тындырымды ісіне ризашылығын білдіріп, оған басқа жауапты аудандардың бірі сеніп тапсырылатынын айтты. Ал Бағдат Әлиевке жаңа жұмысына сәттілік тілеп, аудан халқымен, көппен бірлесіп, тіл табыса жұмыс істеуді міндеттеді.
Өз кезегінде аудан жұртшылығы да Ж. Далабаев пен Б. Әлиевке игі тілектерін білдірді.
Тағайындау
Алматы облысы әкімінің өкімімен Бағдат Байшалұлы Әлиев Жамбыл ауданының әкімі лауазымына тағайындалды.
Бағдат Байшалұлы ӘЛИЕВ
1958 жылы туған. Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденді ауыл шаруашылығы институтын ғалым-агроном мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын Жамбыл ауданындағы «Дегерес» жылқы зауытының аға шопаны болып бастаған.
Әр жылдарда «Дегерес» жылқы зауытының нұсқаушы-әдіскері, агрономы, Қазақстан ЛКЖО Жамбыл аудандық комсомол комитетінің хатшысы, В.Р.Вильямс атындағы егін шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының «Бидай» жүйесі бойынша ғылыми ұйымдастырушысы, Қазақстан КП Жамбыл аудандық комитеті «Дегерес» жылқы зауытының бастауыш партия ұйымының хатшысы, Жамбыл аудандық халық депутаттары кеңесінің бас референті, осы кеңестің және және атқару комитетінің аппарат басшысы, аудандық әкімшілік басшысының көмекшісі – бас референті, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы – аудан әкімшілігі басшысының орынбасары, Ақтерек қой кеңшарының директоры, аудандық жер қатынастары комитетінің бас маманы, төрағасы, «Сұңқар» АҚ-ының және өндірістік кооперативінің төрағасы, Алматы облысы бойынша еңбек департаментінің жетекші маман-мемлекеттік инспекторы, Жамбыл аудандық «Отан» партиясы ұйымы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат хатшысы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болды.
2013 жылдың шілде айынан – Кербұлақ ауданының әкімі.
Хроника
Алматы облысы әкімінің өкімімен Жандарбек Ермекұлы Далабаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты Жамбыл ауданының әкімі қызметінен босатылды.