Облыс әкімі Амандық Баталов өңірдегі аудан, қалалардың әкімдерімен жиын өткізді.
Облыс әкімі орынбасарларының әрқайсысы өздері жетекшілік ететін салалардағы түрлі мәселелер бойынша сөз қозғады.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Турлашовтың айтуынша, барлық аудан, қала әкімдері тұрғын үй, соның ішінде мемлекеттік бағдарламалармен салынатын тұрғын үйлер құрылысының қарқынын үдетуі керек. Су тасқынының алдын алу шаралары мен санитарлық тазалық мәселелері басты назарда болуы тиіс. Сол сияқты Л. Тұрлашов облыс әкімінің тапсырмасы бойынша орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосу мақсатында көп қабатты үйлер үшін БМҚ орнату, аулаларды абаттандыру, шатырларын, қасбеттерін ағымдағы жөндеуге бағытталған жұмыстар басталғанын атап өтті.
Инвестиция тарту, көктемгі дала жұмыстарына дайындық жоспарлары туралы облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев баяндады. Жиында аудан, қала әкімдері ауыспалы жайылым кестесі мен жайылымды игеру жоспарларын әзірлеу жұмыстарымен айналысуы керектігі айтылды.
Сол сияқты жиын барысында Өңірді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру, кадрлық мәселелер және басқа да тақырыптар талқыланып, өзекті мәселелер бойынша бірқатар тапсырмалар берілді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов:
- Әрбір аудан, қала әкімі жауапты қызмет атқарып отыр, олар өңірді дамыту мен халықтың игілігі үшін өз міндеттерін күнделікті сапалы орындауы тиіс. Қазір жылыту маусымын үздіксіз аяқтап, алда көктемгі егіс жұмыстарына дайындықты пысықтау керек. Індетпен күрес кезінің өзінде де біз ауыл шаруашылығындағы жұмыстарды бір сәт те тоқтатқан жоқпыз. Вирустың беті қайтқанмен, әлі толық басылған жоқ. Сондықтан бұқаралық іс-шаралар өткізуге рұқсат жоқ. Барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қатаң қадағалаңыздар. Осындай санитарлық талаптар кезінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына, облыс орталығының Талдықорғанға ауысқанының 20 жылдығына, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған шараларды қалай өткізу керектігін ойланыңыздар. Жастарды дәстүрлерімізді құрметтейтін, елжандылыққа тәрбиелейтін шараларға көптеп тартуымыз керек. Көгалдандырумен айналысып, жас көшеттер егу керек. Жалпы бір де бір мәселе назардан тыс қалмасын. Жұмыста ұсақ-түйек деген болмайды, бәрі де маңызды. Ең бастысы жауапты болыңыздар, істің нәтижесін халық көруі керек. Жемқорлық құқық бұзушылықтың алдын алу басты назарда болсын, - деді А.Баталов.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.