Ерлік пен елдіктің жарқын үлгісі

Ерлік пен елдіктің жарқын үлгісі

Құрметті Алматы облысының тұрғындары!

 

Сіздерді Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

 

7 мамыр мерекесі Отан алдындағы перзенттік парызымыздың маңызын тағы бір ұғындырып, Жеңіс мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл дата – ар-намыстың, қайсарлықтың, ерлік пен елдіктің символы, ержүрек аталарымыз бен әкелеріміздің қаһармандық үлгісін көздің қарашығындай сақтап, бүгінгі күнде жалғастырып келе жатқан жас жауынгерлердің мерекесі. Отанымыздың бүгінгі қорғаушыларына деген құрметімізді білдіре отырып, құттықтау тілегімізді бізге бейбіт өмір сыйлаған барша ардагерлерге арнаймыз.

 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Біз жеңімпаз аталар мен әкелердің перзенттеріміз. Олардың Жеңістерінің арқасында біз бақытты өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан да ардагерлерге зор құрмет көрсетуіміз керек», - деген болатын. Таудың алыстаған сайын асқақтайтыны сияқты, жыл өткен сайын ұрпақ үшін 9 мамыр - Жеңіс күнінің маңызы артып, мәні тереңдеп келеді. Маңдай терімен, ерен ерлігімен бейбіт күнге жеткізген аға буынның өмір жолы – өскелең жастар үшін өлмес өнеге.

Құрметті жерлестер!

Жетісулық ардагерлер бүгінгі күні облыстың қоғамдық өміріне белсене қатысып, өздерінің ақыл-ойын, өмірлік тәжірибесін өңірдің дамуына бағыттап келеді. Біздің басты міндетіміз – жеңімпаз бабалардың жасампаз жолын лайықты жалғастыру, бейбіт өмірдегі жетістіктерімізді одан әрі еселеп, республикамыздың өркендеуіне өз үлесімізді қосу.

 

Майдан даласында ерлікпен шайқасқан, тылда табандылықпен еңбек еткен ардагерлерімізге бас ие отырып, Отан қорғаушы сарбаздарға алғыс айтамыз. Сіздерге зор денсаулық, ашық аспан, шуақты күндер, берекелі ғұмыр тілеймін!