
Бүгін «Жетісу» футбол командасының жаңа құрамы облыс әкімі Амандық Баталовпен кездесіп, команданың алдына жаңа міндеттер қойылды. Атап өтерлігі, қазір бұл клуб ойыншыларының 70 %-ін отандық және жергілікті футболшылар құрап отыр, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімі Амандық Баталов «Жетісу» футбол командасының ойыншыларымен тілдесіп, жаңа маусымға деген дайындықтарын, көңіл күй-көзқарастарын сұрап білді.
Бас бапкері Ринат Әулиетовтің айтуынша, команданың құрамы толық қалыптастырылды, ендігі жерде ойыншылар бір-біріне үйреніп, топтаса ойнауды дамытуға барын салады. «Командашылардың қазіргі орташа жасы – 24 жас. Бұл – жастардың шыңдалуына берілген үлкен мүмкіндік. Біз тәжірибелі ойыншылардың біліктілігін, жас футболшылардың күш-қайратын – бәрін де команданы жеңіске жұмылдыруға бағыттайтын боламыз», - деді бас бапкер. Сол сияқты бас бапкердің ассистенті Денис Мамонов, аға жаттықтырушы Рустам Усманов, талдаушы бапкер Дмитрий Карпов, команда капитаны Андрей Шабанов та жаңа команданың сапалық құрамы мен ойындағы мүмкіндіктеріне маман ретінде пікірлерін білдірді.
«Жетісу» кәсіпқой футбол клубының директоры Серік Мұқанов футболшылардың Түркиядағы дайындығы туралы қысқаша баяндап, алдағы мақсат-міндеттеріне тоқталды.
Әр ойыншымен жеке тілдесіп, қандай клубтарда ойнағаны, қандай спорттық жолдан өткенімен жете танысқан Амандық Баталов кездесу соңында футболшыларға жаңа маусымда жеңісті жол тілеп, оған жетуде тынбай жаттығу мен топтық ойын шеберлігін жетілдіру керектігін айтты.
- «Жетісу» – аты танылған, өзінің жанкүйерлері бар белгілі клуб. Сол марканы жоғары ұстап, лайықты деңгейде ойын көрсете білулерің керек. Клубқа бөлінетін қаржы көлемі азайғанымен, біз тұрғын үй, басқа да әлеуметтік мәселелерде барынша қолдау көрсетеміз. Команданың құрамында басым бөлігі өзіміздің футболшыларымыз болғаны қуантады. Соның ішінде талдықорғандық жастар да бар. Жастарға үлкен спорт алаңдарында шыңдалуына мүмкіндік беріліп отыр. Ендігі нәтиже – тек өздеріңе байланысты. Команда құралды, бір-біріңнің ойнау тәсілдеріңді танып-біле бастадыңдар, енді алға биік мақсат қойып, алдыңғы қатарлы команда болуға бар күш-жігерлеріңді жұмсайсыңдар деп сенемін. Бұл ретте бапкер қатал, талапшыл болуы керек. Ең басты, командалық рух қалыптастыра білсе, жеңіс те жақындай түседі, - деген Амандық Баталов жаңа құрам ойыншыларына сәттілік тіледі.
Кездесу соңында команда капитаны облыс басшысына клубтың спорттық киімі мен добын сыйға тартты.
Еске салсақ, 13 наурыздан басталатын футболдан Қазақстан Премьер-лигасының жаңа маусымына «Жетісу» командасы жаңа құраммен қатысады.
Және бір атап өтерлігі, биыл «Жетісу» футбол командасының құрылғанына 40 жыл толып отыр.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.