Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов 8 Наурыз мерекесіне орай түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген бірқатар әйелдерді қабылдады. Олардың арасында еңбек ардагерлері, көп балалы аналар, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, волонтерлар және басқа да сала мамандары бар, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Өткен жыл да, биылғы жылдың басы да оңай болған жоқ. Індет барлық салаға әсер етті, дегенмен мемлекет қолдауының арқасында біз даму тұрақтылығын сақтайталдық, барлық бағыттарда жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік. Өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемі 1 трлн. теңгеге жетсе, ауыл шаруашылығында 900 млрд. теңгеден асты. 680 млрд. теңге инвестиция тартылды, 60 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Мұнда сіздердің де үлестеріңіз зор. Себебі бүгінгі әйелдер тек аяулы ана, адал жар ғана емес, ол маңызды істерде сенімді серіктес, жауапты әріптес те», - деген А. Баталов әйелдер қауымының ұрпақ тәрбиесіндегі, қоғам өміріндегі ерекше рөлін атап өтті. «Бүгін Сіздер арқылы облыстағы барша әйел-аналарды құттықтаймын! Сіздердегі мейірім мен махаббат, жауапкершілік пен төзімділік бізді қайран қалдырады. Ұрпаққа өмір сыйлау, оларды тәрбиелеп, қамқор болу да - әйелге тән асыл қасиет. Сіздер нәзік те әдемі болмыстарыңызды сақтай отырып, оқуда да, жұмыста да табысқа жетіп келесіздер. Бәріңізге мықты денсаулық, мол бақыт, отбасында бақ-береке, молшылық тілеймін», - деді А. Баталов.
Кездесуге келген бірқатар қатысушылар облыс әкімінің Құрмет грамотасына және Алғыс хатына ие болды.
Жиында Социалистік Еңбек Ері, Панфилов ауданының Құрметті азаматы Күләш Айтжанова сөз алып, нәзік жандарға көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, барша қыз-келіншектерді, аналарды мерекелерімен құттықтады. Күләш Айтжанова өңірде жастарға барлық жағдай жасалып отырғанын, тек ерінбей оқып, еңбектену керектігін айтты. Еңбек Ері облыс орталығының қазіргі көрікті кейпіне де тоқталып өтті. Сонымен қатар басқалар да мерекелік тілектерін білдіріп, сөз сөйледі, тіпті ән де айтты. Оларға қызғалдақтар мен құттықтау хаты, кітап пен ақшалай сыйлық беріліп, құрмет көрсетілді.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.