Алматы облысында Бірлік мерекесі атап өтілді

Алматы облысында Бірлік мерекесі атап өтілді

Алматы облысында Бірлік мерекесін 100-ден астам этнос өкілдері қарсы алды. Талдықорған қаласындағы «Жастар» мəдени-демалыс саябағында мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Көпшілік назарына облыстағы этномəдени бірлестіктердің көрмесі, спорттық ойындар, «Талдықорған əуендері» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің, Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның жəне басқа да шығармашылық ұжымдар əртістерінің концерті, халық ансамбльдерінің əні мен биі ұсынылды. Мерекеге жиналған көпшілікті Алматы облысының əкімі Амандық Баталов құттықтады.
Сахнадағы мерекелік шара «Достық сюитасы» музыкалық-хореографиялық қойылымымен ашылды. 
Мұнан соң тұрғындарды құттықтаған облыс əкімі Амандық Баталов: 
- Құрметті жетісулықтар! Сіздерді бейбітшілік пен келісім мерекесімен құттықтаймын! Отанымыздың ең басты байлығы – бірлігі жарасқан көп этносты халқы. «Жүзі басқа болса да – жүрегі, тілі басқа болса да тілегі – бір» халқымыз қазақ жерінде тату-тəтті өмір сүруде. Тəуелсіздіктің ширек ғасырдан астам уақытындағы еліміздің əлеуметтік-экономикалық табыстарының басты факторы да – осы. Ұлы дала төрінде 100-ден астам этнос өкілдері бір шаңырақта бірлікте өмір сүруі – Президентіміз Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың əлем мойындаған оң саясатының жемісі. Отанымыздың, Мəңгілік Еліміздің мерейі үстем, болашағы жарқын болсын! – деді.
Бұдан əрі мерекелік шара концертпен жалғасты. Түрлі ұлт өкілдерінің əні мен биі көрермендерді қуанышқа бөледі. Сондай-ақ қаланың мектеп оқушыларының «Бейбітшілік, бірлік, келісім» тақырыбындағы қолөнер көрмесі де қызығушылық туғызды. Кешкілік шара жастардың би кешіне ұласады. 
Атап өтсек, 1 мамыр күні қаладағы орталық саябақта балаларға арналған аттракциондар өз жұмысын бастады.