
Құрметті Алматы облысының тұрғындары!
Сіздерді Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Жыл сайын мамырдың алғашқы күнін мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі мен халқымыздың ырыс-ынтымағының символындай болған осы бір ерекше мерекемен қарсы алу жақсы дәстүрге айналған.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Тұрақтылықсыз баршаның бақуатты болмасын халқымыз жақсы түсінеді. Біздің халықтың кемел даналығы да осында» атап өткен болатын. Сондықтан осы баға жетпес құндылығымызды сақтауға әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз керек. Президенттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да осы стратегиялық маңызды міндетті жүзеге асыру бағытында қабылданған болатын.
Құрметті жерлестер!
Алматы облысы – 100-ден астам этнос өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан еліміздің ең ауқымды өңірлерінің бірі. Әрқайсымыздың кәсіби жетістіктеріміз бен толағай табыстарымыз облыстың әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуына негіз болуда. Тұрғын үйлер, жаңа мектептер, ауруханалар, зауыттар мен кәсіпорындар салынып жатыр, жаңа жұмыс орындары ашылды, әрбір тұрғынның жан-жақты дамуына қажетті жағдайлар жасалып, халықтың әл-ауқаты артып келеді.
Алдағы уақытта да бір кісідей атсалыса отырып Президент жүктеген міндеттердің үдесінен шығатынымызға, облыстың қол жеткізген табыстарын одан әрі еселей түсетінімізге сенім білдіремін.
Сіздерді 1 мамыр мерекесімен шын жүректен құттықтап, мықты денсаулық, бақ пен ырыс, молшылық тілеймін!
Қашанда берекеміз артып, достығымыз нығая берсін!