
Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өңірге жұмыс сапарымен келген Астана және Қазақстан митрополиті Александрмен кездесті. Кездесу барысында этникааралық және конфессияаралық татулық туралы сөз болды.
Қонақтардың алдында Алматы облысының тыныс-тіршілігі туралы сөз еткен облыс әкімі Амандық Баталов өңірде 105 этнос өкілдері тату-тәтті тұрып жатқанын атап өтті. Бұл орайда бірлікті бекемдеудегі, ынтымақты нығайтудағы Орыс православ шіркеуінің рөлі зор екенін де тілге тиек етті.
- Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекеттік саясатындағы басым бағыттың бірі - этникааралық, конфессияаралық татулықты сақтау. Бұл бағытта екі ірі дәстүрлі дін – ислам мен православие зор үлес қосып отыр. Олар еліміздегі дінаралық қатынастың тұрақтылығын сақтауға, өзара үйлесімді атмосфера қалыптастыруға атсалысып келеді. Біз өз тарапымыздан Орыс православие шіркеуіне барынша қолдау көрсетуге тырысамыз. Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылындағы ғибадатхананың құрылысына қатысты туындаған мәселелер болса, жәрдемдесуге әзірміз, - деді А. Баталов.
Өз кезегінде митрополит Александр кездесуге мүмкіндік жасағаны үшін облыс басшылығына ризашылығын білдіріп:
- Сіздермен бірлесіп жұмыс істегеніміздің арқасында мәселелердің барлығы дер кезінде шешіліп жатыр. Мемлекет басшысы айтқандай, ислам мен православ діні құстың қос қанатындай, татулық пен бірлік, тыныштық дейтін ортақ игіліктер жолында бір-бірін әрдайым қолдап отырады, - деп атап өтті.
Кездесу соңында екі тарап бір-біріне естелік сыйлықтар ұсынды.