
Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов жаңадан тағайындалған аудан әкімдерін қабылдады. Әкімдер тағайындалғаннан бергі уақытта нендей істерді қолға алды, ауданның қандай шешімін күткен проблемалары бар, қолдауды қажет ететін жаңаша ұсыныстары бар ма деген сауалдарға жауап берді.
Облыс әкімінің алдында бұл күні Талғар, Райымбек, Панфилов, Қаратал, Көксу, Ескелді аудандарының басшылары хабарлама жасады.
Алдымен сөз алған Райымбек ауданының әкімі Жолан Омаров аудандық мекемелер мен құрылымдар ғимараттарының эскиздік жобаларының, күрделі жөндеу мен құрылыс жұмыстарының барысына тоқталып, кадрлық мәселелер толық шешілгенін жеткізді. Оның айтуынша, сервистік-дайындау орталықтары үшін алынатын ауыл шаруашылығы техникалары қарастылу үстінде. Нарынқолдың 3 көшесі толық жөндеуден өтіп, жаңғырытылатын болады, 4 көшесі толық жарықтандырылады, арық жүйелері ретке келтіріледі – бұл жұмыстардың барлығына қажетті қаражат толығымен бөлінген. Сондай-ақ 2 апатты көпірді жаңартудың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге де қаржы қарастырылды.
Қаратал ауданының әкімі Рауан Рақымбеков та өзі жетекшілік ететін өңірдегі қолға алынған шараларға тоқталды. Мәселен, қазір инвестор тарту арқылы Үштөбедегі базардың орнына коммуналдық базар салына бастады. Екі ай шамасында бұл жаңа құрылыс аяқталады деп күтілуде. Қазіргі базардағы 150 саудагердің барлығы өз ықтиярымен осы орындарға көшуге ниеттеніп отыр. Сонымен қатар ауданда жаңа сквер салу жұмыстары жүріп жатыр. Жаңа сквер қыркүйек айында аудан тұрғындарының игілігіне іске қосылмақ. Бүгінде мұнда биіктігі 2,5 метрлік қылқан жапырақтыдан 165 түп қарағай отырғызылған, алдағы уақытта тағы 7 мың жайпақ жапырақты ағаштар егіледі.
Сол сияқты Р. Рақымбеков ауданда 7 мамандық бойынша оқытатын колледждің жанында 1 га жер бар, соған 50 орындық жатақхана салуға мүмкіндік бар екенін айтты. Оған қоса ауданда ертеректе ауыл шаруашылығы техникаларын шығарған кәсіпорын бүгінгі күні тоқтап қалғанымен, оның барлық құрал-жабдықтары толық сақталғанын тілге тиек етіп, кәсіпорынның екінші тынысын ашу мүмкіндіктерін қарастыруға қолдау көрсетуді сұрады.
Талғар ауданының әкімі Рыскелді Сатбаев өз хабарламасын аудандағы ауыз су мәселесін шешу, қаладағы 2 шағын ауданда модульді қазандық салу бойынша тапсырмаларды орындау шараларынан бастады. Бұл орайда облыс әкімі А. Баталов тек 2 шағын ауданның жылыту жүйесін ғана емес, алдағы уақытта бүкіл аудан бойынша орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған көпқабатты үйлердің мәселелерін толық шешуге тиіс екендіктерін ескертті. «Талғардағы 2 шағын ауданның қазандығын іске қосуды осы бағыттағы жұмыстардың алғашқы пилоттық жобасы деп қараңдар. Өйткені, аудан бойынша осындай жағдайдағы 200-ден астам тұрғын үйдің проблемасын 2-3 жылдық бағдарлама жасап, толық шешуді тапсырамын», - деді А. Баталов.
Сонымен қатар аудан әкімі Талғар қаласы көшелерін жарықтандыру қолға алынатынын, жол бойындағы талапқа сай келмейтін сауда және қызмет көрсету орындарына тиісті мамандармен бірге рейд жүргізуді бастағандарын айтты. Бұл орайда облыс басшысы жол бойындағы заңға сәйкес емес нысандардың иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жол бойын тазалап, тәртіпке келтіруді, Талғар қаласының ішін де ретке келтіруді қатаң тапсырды.
Осы жиында Көксу, Ескелді аудандарының абаттандыру, көркейту жұмыстары, санитарлық тазалық мәселелері туралы айтылып, аудан басшыларына тиісті тапсырмалар берілді. Панфилов ауданының әкімі Темірлан Бектасовқа да тың серпінмен жұмыс істеу қажеттігі ескертілді.
- Жаңадан тағайындалған әкімдер өздері жетекшілік ететін ауданды толық зерттеп-зерделеп, қай жерде қандай проблемалары бар, қай жерде артықшылақтары бар, жұмысты қай жағынан жандандыруға болады дегендей ой қорытып, жұмыс жоспарларын құруы қажет. Жаңа келген басшыдан жұрт жаңаша жұмыс, жаңа нәтиже, жаңа бастамалар, оң өзгерістер күтеді. Сондықтан неғұрлым ширақ әрі бастамашыл болыңдар. Тағайындаған кезде әрбір ауданның әкімдеріне нақты тапсырмалар бергенмін. Сол міндеттердің нәтижесін көрсетіп, көптің көңілінен шығатындай өз лауазымдарыңа лайықты жұмыс істеңдер, - деді А. Баталов жиынның қорытындысында.