ШУАҒЫН ШАШСЫН ӘЗ НАУРЫЗ!

ШУАҒЫН ШАШСЫН ӘЗ НАУРЫЗ!

Құрметті жетісулықтар!

Сіздерді Ұлыстың Ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын!

 

Күн мен түн теңелетін бұл әз мейрам ежелден шығыс халықтарында жыл басы саналып келеді. Көктеммен бірге қайта түлеудің, жаңарудың, мейірім мен жылылықтың мерекесі ретінде маңызы ерекше. Бұл атаулы күнде табиғатқа деген қамқорлықтың, көпке тілеулестіктің, туған жерге деген сүйіспеншіліктің ерен үлгісі жатыр.

 

Ғасырлармен бірге жасасып келе жатқан әз Наурыз бүгінде жаңа заманға сай жарқырап, жасанып, өзінің бар сән-салтанатымен аталып өтілуде. Бұл күні дастархан дәмге, айнала әнге толып қана қоймай, ренішті адамдар бір-бірімен татуласып, үлкендер бата берісіп, бұлақтың көзін ашады, жер бауырына ағаш егеді. Өнегесі көп осынау мерекенің рухани жаңғыру кезеңіндегі маңызы тіпті ерекше.

 

Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуін естіген көпшілік биылғы Наурыз мерекесін ерекше көтеріңкі көңіл күймен қарсы алып отыр. Осы үндеуінде Мемлекет басшысы қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі мен сапасын жақсартуға бағытталған тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру, білім алудың мүмкіндіктерін молайту, шағын және орта бизнесті дамытудың нақты шараларын белгілеп берді.

 

Құрметті облыс тұрғындары!

 

Алдымызда бәріміз бірлесе атқарып, жұмыла көтеруге тиісті ауқымды жұмыстар, іргелі істер бар.

 

Наурыз әрқайсымызға шуағын шашып, қуат беріп, жаңа белеске бастасын.

 

Ұлыс мерекесінде баршаңызға мықты денсаулық, еңбектеріңізге жеміс, шаңырақтарыңызға ырыс пен молшылық тілеймін.

 

Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, ағайын!