Алакөл ауданын Алмас Абдинов басқаратын болды

Алакөл ауданын Алмас Абдинов басқаратын болды

Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов Алакөл ауданында аудандық мәслихат депутаттарының кезектен тыс сессиясына қатысты. Онда басқа жұмысқа ауысуына байланысты Әлібек Жақанбаевтың орнына аудан әкімі лауазымына Президент Әкімшілігінің келісімен Алмас Абдиновтың кандидатурасы ұсынылатынын жеткізді. Ұсыныс аудандық мәслихат депутаттарының қолдауына ие болғаннан кейін жаңа әкім аудан активіне таныстырылды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Актив барысында Амандық Баталов меритократия принципіне сәйкес аудан әкімі лауазымына осы өңірде ұзақ уақыт жұмыс істеген, өзін іскер маман, алға қойған міндеттерді тиімді шеше алатын жауапты басшы ретінде көрсете білген, бүгінге дейін аудан әкімінің орынбасары болған Алмас Абдиновты тағайындағанын айтты.

- Әлібек Жақанбаев он жылға жуық уақыт Алакөл ауданын басқарды. Осы жылдар ішінде Елбасының Алакөл көлінің жағалауын көркейту, туристік инфрақұрылымды дамыту, жалпы ауданның туристік әлеуетін арттыру сияқты тапсырмаларын, өңірді дамыту бағытындағы көптеген жұмыстарды сапалы орындады. Қолданыстағы заңдарға сәйкес ротация қажет, сондықтан Әлібек Жақанбаев басқа жұмысқа ауыстырылатын болады. Орнына Алмас Абдинов  тағайындалды. Оны бәріңіз жақсы білесіздер. Осы ауданнан шыққан, ұзақ уақыт бірге жұмыс істедіңіздер, ол аудандағы шаруаларды, атқарылар істерді жақсы біледі, - деген Амандық Баталов одан әрі жаңа әкімнің өмірбаянымен таныстырды.

Мұнан соң Әлібек Жақанбаев облыс басшылығына, аудан тұрғындарына қолдау білдіргендері үшін алғыс айтып, жаңа әкімнің жұмысына табыс тіледі.

Алмас Абдинов болса, өзіне артылған сенімнің үдесінен шығауға тырысатынын, алға қойғын міндеттерді орындауға бар білімі мен күш-жігерін жұмсайтынына сендірді.  

Жиын соңында облыс әкімі ауданның жаңа басшысының алдына бірнеше міндеттер қойып, инвестиция тарту, ауданның туристік әлеуетін арттыру жұмыстарын одан әрі жалғастыруды тапсырды.

- Биылғы жылы Ақшидің тазарту ғимаратының құрылысына қаржы бөлінді. Алакөл жағалауында балаларды сауықтыру лагері салынады, өзіміздің «Аргегіміз» болады. Жалпы ауданның инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жалғасады. Инвестиция тарту, жаңа кәсіпорындар ашу, жаңа жұмыс орындарын құру ең басты назарда болуы тиіс. Алакөл ауданының әлеуеті үлкен. Соны халықтың игілігіне жарата білу керек. Ең алдымен халықтың жағдайын ойлағанда ғана жұмыс оң нәтиже береді, - деді сөзінің қорытындысында А.Баталов.

ТАҒАЙЫНДАУ

Алматы облысы әкімінің өкімімен Абдинов Алмас Сапарғалиұлы Алакөл ауданының әкімі болып тағайындалды.

АБДИНОВ Алмас Сапарғалиұлы

1972 жылы туған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін тарих және мемлекеттік құқық пәнінің оқытушысы мамандығы және юриспруденция бакалавры бойынша бітірген.

Еңбек жолын Шығыс Қазақстан облысында №4772 әскери бөлімде қойма бастығы болып бастаған.

Кейін Алакөл ауданы әкімі аппаратының әлеуметтік-мәдени сала, білім беру және денсаулық сақтау, ұйымдастыру, мемлекеттік-құқық және кадр бөлімінің, Алакөл ауданының ішкі саясаты бөлімінің бас маманы, Алакөл ауданы әкімінің көмекшісі, Қамысқала ауылдық округінің, Үшарал қалалық округінің әкімі болды.

2016 жылдың мамырынан – Алматы облысы Алакөл ауданы әкімінің орынбасары.

Хроника

Алматы облысы әкімінің өкімімен Жақанбаев Әлібек Әскербекұлы басқа жұмысқа ауысуына байланысты Алакөл ауданының әкімі лауазымынан босатылды.