Облыс орталығына жаңа әкім тағайындалды

Облыс орталығына жаңа әкім тағайындалды

Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов Талдықорған қаласы мәлихатының депутаттарымен кездесіп, кезектен тыс сессияда қала әкімі лауазымына жаңа кандидатура ұсынып, бұл мәселені депутаттардың талқысына салды. Бұған дейін облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында басшы болған Ержан Бәкірбаевтың кандидатурасын қалалық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдады. Мұнан соң жаңа әкім қала активіне таныстырылды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімі Амандық Баталов өз сөзінде өткен жыл пандемияға байланысты бірқатар қиыншылықтар болғанымен, мемлекет тарапынан қабылданған қолдау шараларының нәтижесінде облыс экономикасының барлық негізгі салаларында оң серпін сақталғанын атап өтті. Соның ішінде Талдықорған қаласында да бірқатар жұмыстар атқарылғанын айтты.

- Талдықорған жылдан жылға өсіп, өркендеп келеді, оған қаланы әр кездері басқарған әрбір әкім өз үлесін қосты. Жаңа көшелер, көрнекті ғимараттар, жаңа шағын аудандар бой көтерді. Тұтастай коттеджді қалашық салдық. Енді сол ауданға мектеп, спорт алаңдарын салып, абаттандырып, одан әрі көркейтетін боламыз.  Біз облыс орталығын үнемі айрықша назарда ұстаймыз. «Мереке», «Шайқорған», «Үйтас», «Достық», «Агропро-мышленник», «Сарыарқа» саяжай қауымдастықтарына ауыз су желісін тарттық. Өткен жылы студенттер үшін үш бірдей жатақхана салып, пайдалануға бердік. 200 төсек орындық инфекциялық аурухана тұрғызылды. Жаңа туған сәбилерге арналған неонаталдық орталық ашылды. Қалаға газ жеткіздік. «Талдықорған» индустриалды аймағын құрып, барлық қажетті инфрақұрылымдар, тіпті темір жолға дейін тартылды. Алдағы уақытта ТЭЦ салу жоспарда бар. Облысқа ірі инвесторларды тарту жұмыстары жүріп жатыр. Өткен аптаның өзінде агроөнеркәсіптік салада бірнеше ірі жоба туралы келісімдер жасастық. Қала басшылығы «Талдықорған» индустриалды аймағын жандандыру, жабайы саудамен күрес және басқа да маңызды мәселелермен айналысуы керек. Әсіресе, қазіргідей індет жағдайында Ержан Жасыбаев өзінің іскерлігін, тұрғындардың игілігі жолындағы тиімді жұмысын көрсетуі тиіс. Біз өз тарапымыздан қаланы өркендетуге барынша қолдау көрсетеміз, - деді А.Баталов.

Мұнан соң қалалық қоғамдық кеңес өкілдері, Талдықорғанның бұрынғы әкімі Ғалымжан Әбдірайымов, жаңа тағайындалған әкім Ержан Жасыбаевтар сөз алып, бір ауыз пікір-лебіздерін білдірісті.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 

ТАҒАЙЫНДАУ

Алматы облысы әкімінің өкімімен Жасыбаев Ержан Бәкірбайұлы Талдықорған қаласының әкімі болып тағайындалды.

Ержан Бәкірбайұлы ЖАСЫБАЕВ

1965 жылы туған. Өскемен жол-құрылыс институтын құрылысшы инженер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын Жамбыл облысында ҚазССР Автокөлік жолдары министрлігі Жол басқармасының ДЭУ-64 жол шебері болып бастаған.

Әр жылдарда ҚазССР Автомобиль жолдары министрлігі Жол басқармасының ДЭУ-64 бас инженері, Жуалы ӨЖУ бастығы, «Жамбылавтожол» КМ-нің, «Казақавтожол» РМКК Жамбыл филиалының, Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары Алматы мемлекеттік мекемесінің бас инженері, Алматы облысының автокөлік жолдары департаменті бастығының орынбасары, Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль инфрақұрылымын дамыту комитетінің Алматы облыстық басқармасы директорының орынбасары, директоры, Автомобиль жолдары комитетінің Алматы облыстық басқармасының директоры, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры болды.

2014 жылдың қазан айынан – Алматы облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы.

Хроника

Алматы облысы әкімінің өкімімен Әбдірайымов Ғалымжан Райылұлы  өз өтініші бойынша Талдықорған қаласының әкімі лауазымынан босатылды.