Облыс әкімінің жыл сайынғы есепті жиыны өтті

Облыс әкімінің жыл сайынғы есепті жиыны өтті

Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Талдықорған қаласында І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында тұрғындар алдындағы есеп беру жиынын өткізді. Жиынға ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ғабидолла Әбдірахымов, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Жайсаң Ахметов қатысты.

 

Мәдениет сарайының фойесіне облыстың даму жағдайынан хабардар ететін ақпараттық стенділер қойылып, көрме ұйымдастырылды. Жиынға қатысушыларға өткен жылдың қорытындысы жайында бейнефильм көрсетілді.

 

Есепті кездесуде облыс әкімі 2017 жылдың негізгі әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы, Елбасының Жолдауында айтылған міндеттерді орындау шаралары, 2018 жылдың басым бағыттары туралы баяндама жасады.

 

Өз баяндамасында өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес, туризм, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік сала және экономиканың басқа да негізгі салаларындағы қол жеткізген табыстар мен алдағы міндеттерге кеңінен тоқталды.

 

Жиын барысында облыс тұрғындарынан 20-дан астам сауал қойылды. Сұрақтар негізінен әлеуметтік нысандардың құрылысы мен жөндеу жұмыстары, бизнесті, соның ішінде ұсақ мал терісін өңдеу саласын қолдау, Инватакси қызметінің аясын кеңейту, тұрғын үй аулаларын көркейту, облыс әкімінің білім гранттарын белгілеу шарттары, Технопарктер мен рототехника кабинеттерін ашу, шалғай елді мекендерді ауыз сумен, газбен қамту, мемлекеттік бағдарламамен тұрғын үй алу, Балқаш көліне дейінгі жолдың құрылысы және басқа да мәселелерге қатысты болды. Сауалдардың бәріне тыңғылықты жауаптар берілді.

 

Облыс әкімінің есепті жиыны облыстық "Жетісу" телеарнасында тікелей эфир арқылы, облыс әкімдігінің zhetysu.gov.kz сайтында онлайн режимде трансляцияланып, әлеуметтік желілерде тікелей байланыс арқылы көрсетілді.

 

Жазбаша берілген және Call орталығының Whatsapp нөмірі арқылы келіп түскен сауалдардың жауабы облыстық газеттерде жарияланатын болады.