
2017 жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысында дамудың оң серпіні байқалады. Мәселен, жалпы өңірлік өнім 2,4 трлн. теңгеден асып, 2,7 % өсімді көрсеткен. Облысқа 527 млрд. теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада алғашқы төрттікке енді. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталов тұрғындар алдындағы есеп беру жиынында айтты.
Баяндамада айтылғандай, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 750 млрд. теңгеден асып, өсім 2,9% құрады. Өңдеу секторындағы шығарылған өнім көлемі 636 млрд. теңгеге жетіп, 2016 жылмен салыстырғанда 66,2 млрд. теңгеге артты. Бүгінгі күні өңдеу секторындағы өндірілген өнімнің жалпы өнеркәсіп өніміндегі үлесі жағынын облыс еліміз бойынша алдыңғы қатарда, яғни бұл үлес 85 %-ке жетіп отыр.
23 жүйеқұраушы кәсіпорындарда 373 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Бұл облыстағы өнеркәсіптің жалпы көлемінің 49,7 %-і. Барлығы 68 жаңа кәсіпорын ашылып, жұмыс істеп тұрған 30-ы кеңейтілген. Соның нәтижесінде 1809 жұмыс орны құрылды.
Индустрияландыру картасында 8,7 мың жұмыс орны бар, инвестициялық құны 319 млрд. теңгелік барлығы 55 жоба жүзеге асырылды.