Нақтыланған бюджет бекітілді

Нақтыланған бюджет бекітілді

Бүгін облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс XXVII сессиясы өтті.

 

«Алматы облыстық мəслихатының «Алматы облысының 2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» 2017 жылғы 15 желтоқсандағы № 26-128 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» негізгі баяндаманы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов жасады.

 

Ж. Әмірхановтың айтуынша, нақтыланғаннан кейін облыс бюджеті 382 млрд. теңгені құраған. Енгізілген өзгерістер мен толықтырулар облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мақсатты индикаторларға қол жеткізуге бағытталған.

 

Алматы облыстық мәслихатының 2017 жылғы 26 қазандағы № 24-122 шешімімен бекітілген «Алматы облысының 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасының» орындалуы және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын жүзеге асыру мәселесі туралы облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов баяндама жасады.

 

Ж. Тұяқовтың мәліметіне қарағанда, бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында іс-шаралар жоспары жасалып, бекітілді, онда 2017 жылға 171 шараны жүзеге асыру, 25 мақсат пен 133 мақсатты индикаторға қол жеткізу қарастырылған. 11 мақсат пен 65 мақсатты индикаторға толық қол жеткізілді, басқалары бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Облысты дамыту бағдарламасын барлық бағыттары бойынша жүзеге асыру 2017 жылдың қорытындысында экономика өсімін қамтамасыз етуге, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдардың жағдайын түзеуге, халықтың тұрмысын жақсартуға ықпал етті.

 

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде облыста 41 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, соның 12-сінде 8,7 млдр. теңгеге келісімшарт жасалды. Қалған 29 жоба бойынша жоспарлаудан келісімшарт жасасуға дейінгі қадамдық жоспар әзірленді.

 

Мұнан соң Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев облыста көрсетілетін мемлекеттік қызметтер мен кадрлық сапа туралы айтты.

 

Сол сияқты сессия барысында құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссиялардың және облыс әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссияның жеке құрамы бекітілді.

 

Жиын қорытындысында сөйлеген облыс әкімі А. Баталов облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызы зор жобаларды жүзеге асыруға қолдау білдіргендері үшін депутаттарға алғыс айтты. Сонымен қатар ол биылғы жылы да облыстың алдында жұмысқа орналастыру арқылы өзін өзі жұмыспен қамтығандар санына азайту, сүт өндірісін дамыту, ет өңдейтін кәсіпорындар құру, облыстық және ауылішілік жолдарды жөндеу сияқты көптеген үлкен міндеттер тұрғанын атап өтті.