Алматы облысының әкімі Амандық Баталов биылғы жылғы өзінің есепті жиынын онлайн форматта өткізді. Онда азаматтардан түрлі бағыттағы 30-ға жуық сауал қойылды. Сұрақтардың дені ТҮКШ саласына, соның ішінде тұрғын үй кезегі, газбен, сумен, электр жарығымен қамту, сол сияқты көпірлерді, туристік нысандарға апаратын жолдарды жөндеу, суармалы сумен қамту, мектептер мен ауруханалардың құрылысы, әсіресе ауылдық жерлердегі нысандарға қолдау сұрау, интернеттің сапасын арттыру, балалар мен жастардың бос уақытын ұйымдастыру және басқа да тақырыптарға арналды. Тікелей эфир облыстық «Жетісу» телеарнасында, Алматы облысы әкімдігінің www.zhetysu.gov.kz ресми интернет-ресурсында «Facebook» парақшасына, «Youtube» каналында жүрді. Есепті жиынға ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Әбдірахим Нұрлан қатысты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Алдымен өңірдің 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы және 2021 жылдың міндеттері туралы баяндама жасаған облыс әкімі Амандық Баталов облыс тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.
Мәселен, Райымбек ауданының тұрғыны Тұзкөл көліне апаратын жолдың қашан жасалатынын сұрады. Сауалға берілген жауапта жол жабындысының негізін дайындауға өткен жылы 86,3 млн. теңге бөлінгені айтылды. 2021 жылы бұл нысанға республикалық бюджеттен 60 млн. теңге бөлуге ұсыным берілген. Қаржы толығымен бөлінетін болса, биылғы жылдың сәуір айында құрылыс басталып, жыл соңына дейін аяқталатын болады.
Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылының тұрғындарын ауыз сумен үздіксіз қамту мәселесі де мазалайды. Дегенмен жиында бұл мәселенің көп күттірмей шешімін табатыны айтылды. Негізгі жұмыстар атқарылған. Сарыөзек ауылы су жүйесінің 4-ші кезеңінің құрылысына 1,2 млрд. теңге бөлінген. Бұдан бөлек жаңа емхананың құрылысын бастауға 2,7 млрд. теңге қарастырылған.
Қапшағай су қоймасының жағалауында кинополигон құру, сол сияқты Талдықорған қаласында түркі халықтарының кинофестивалін өткізу туралы ұсыныс та айтылды. Режиссер Ақан Сатаевтың бұл ұсынысын облыс басшысы қолдайтынын айтты.
Жетім бала ретінде тұрғын үй кезегінде № 31 болып тұрған Ұлжан Омарбекова өз сауалына тыңғылықты жауап алып, оған жуық арада өз баспанасына қол жеткізетіні айтылды.
«Облыста тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Өткен жылы тұрғын үймен 2 395 отбасы қамтылса, соның 1 258-і – әлеуметтік-әлжуаз және көп балалы отбасылар, бұл ретте 180 үйді меценаттар өз қаржысына алып берді. Биылғы жылы бір млн. шаршы метрден астам тұрғын үйді іске қосу жоспарланып отыр, Соның ішінде «Нұрлы жер» бойынша 1,6 есеге арттыра отырып, 191 мың шаршы метр салу, 1390 пәтерлік 37 коммерциялық үй салу көзделген. Жаңа баспанаға 3731 отбасы ие болады, соның ішінде «Бақытты Отбасы», «7-20-25», «Шаңырақ» бағдарламалары арқылы 1906 адам үйлі болады. Сондықтан алаңдамаңыз, жыл соңына дейін кезекпен үй ала аласыз», - деді А. Баталов Талдықорған қаласы тұрғынына берген жауабында.
С.Демирел атындағы университеттің студенті Қаскелең жастарына да арнап Жастарға қызмет көрсету орталығын салып берсе, өзара пікір алмасатын, интернет қызметін тегін пайдаланатын мүмкіндік болар еді деген ұсынысын айтты.
«Бізде әрбір аудан орталығына жастар орталығын салып беру туралы ондай ой болған. Алайда індетке байланысты бұл жұмыс әзірге тоқтап тұр. Мұндай орталықтар құруды ұзаққа созбау үшін мәдениет үйлерінің базасынан жасауға болады. Қазір мемлекеттік бағдарламалардың арқасында көптеген мәдениет үйлері жөнделді, әлі де мұндай жұмыстар жалғасады», - деді А. Баталов.
Панфилов ауданы Айдарлы аулынан Арман Алтынбеков хабарласып, өзінің жеке ісін, яғни пенополестиролблок өндіру ісін дамытқысы келетінін айтты. Амандық Баталов «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының жетекшісіне тиісті тапсырма берді.
Суармалы суды үздіксіз беру мәселесіне қатысты Қаратал, Ескелді, Көксу аудандарының тұрғындары бірнеше сауал қойды. Қабылданған шаралар туралы айта келе, Амандық Баталов өңірдегі сумен қамту ісін жақсарту үшін ұзындығы 32,4 км болатын магистралды каналдарды механикалық тазарту жоспарланған, сонымен қатар «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде Қаратал, Көксу плотиналарын, сол сияқты Талдықорған қаласындағы суармалы жүйелерді қайта жаңғырту жүргізілуде. Нысандарды 2021 жылғы вегетациялық кезең басталғанға дейін іске қосу жоспарланған. Ақсу, Ескелді аудандарында Ислам Даму банкінің заемдық қаржысы есебінен суармалы каналдарды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралардың барлығы су шығынын болдырмауға бағытталған. Сол сияқты қазіргі кезде Балқаш-Алакөл бассейн инспекциясымен және басқа да уәкілетті мекемелермен бірлесіп 2021 жылдағы вегетациялық кезеңге дайындық жөнінде іс-шаралар жоспары дайындалған.
Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылының тұрғыны Талдықорғанда ТҮКШ саласының барлық қызметтерін біріктіретін «109» бірыңғай қызметі жұмыс істейтінін, оның халыққа қолайлы екенін тілге тиек етіп: «Дәл осындай қызметті біздің Қарабұлақ ауылында да құрса, жақсы болар еді. Қарабұлақ та үлкен елді мекен ғой», - деді.
Облыс әкімі бұл ұсынысты қолдап, «Осындай істермен айналысу үшін де біз Цифрландыру басқармасын құрдық. «Ақылды қала» жобасының шеңберінде Талдықорғанда бұл жұмыс жүріп жатыр. Расында мұндай бірыңғай қызметтерді барлық аудан орталықтарында құру керек. Цифрлы технологиялар ғасырында бұл ауадай қажет», - деген Амандық Баталов Цифрландыру басқармасының басшысына көтерілген мәселе бойынша ұсыныс енгізуді тапсырды.
Облыс басшысына Ақсу, Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек, Қаратал аудандарының тұрғындары да өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Олар Қаратал ауданы Бірлік ауылын газдандыру, түрлі елді мекендерде мектеп, аурухана, спорт кешендерін салу, Балатопар ауылындағы көпірді күрделі жөндеу, Үштөбе қаласындағы вокзал алаңына сквер жасау, облыста жастар резервінің өңірлік базасын құру және басқа да маңызды мәселелер көтерілді.
Амандық Баталов барлық сұрақтарға нақты жауап беріп, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.
Атап өтсек, Алматы облысы әкімінің есебі кезінде «Facebook» парақшасына, «Youtube» каналында 70-тен астам сұрақ пен ұсыныс, сол сияқты облыс әкімінің блогына, бұдан бөлек call-орталыққа жалпы саны 20-ға жуық сауал түскен.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.