Талғарда магистралы су таратпасы салынады

Талғарда магистралы су таратпасы салынады

Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов Талғар қаласының қатты аязға байланысты ауыз су мəселесі туындаған шағын аудандарына барды. Қаланың «Бозторғай», «Мелиоратор» тұрғын аудандарында, Бас су торабында болып, мəселені шешуде атқарылуы тиіс шараларды пысықтады.

 

Аталған шағын аудандардағы тұрғын үйлер орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған, ауыз су құбырлары аяздан қорғалмаған. Соның салдарынан коммуналдық жүйеде қиындықтар туындаған. Көп қабатты үйлердің тұрғындарымен тілдесіп, мəселені шешу шаралары туралы айтқан облыс əкімі аудан басшыларына қарата:

 

- Өткен жылы жылыту маусымына дайындыққа əр ауданға қандай көмек керек, қанша қаржы керек деп сұрағанда «бəрі жақсы» дегенсіңдер. Қай жер осал, сол жер қиындықта бірінші шытынайды. Бұл қатты аяздың ғана емес, жергілікті атқарушы органның өз міндетін салғырт атқарғанының салдары. Осындай мəселелердің алдын алу үшін, проблемаларды шешу үшін əкім болып отырсыңдар осы жерде, - деді облыс əкімі.

 

«Бозторғай» шағын ауданындағы жекеменшікке өтіп кеткен бұрынғы қазандық ғимаратын коммуналдық меншікке қайтарып алып, жұмыс істету, ал «Мелиоратор» шағын ауданындағы үйлер үшін жаңа қазандық салу жұмыстарын қарастыруды тапсырды. Сонда бұл көпқабаты үйлердің жылу, ауыз су жүйелері, электрмен үздіксіз қамту мəселелері толығымен шешілетін болады.

 

Ал Талғардағы бас су торабы қазір 8 елді мекенді, соның ішінде Талғар қаласының төрттен бір бөлігін, яғни 35 мың халықты ауыз сумен қамтып отыр. Бас су торабының жұмысын көрген өңір басшысы сумен қамтуға жауапты арнайы мамандармен тілдесті.

 

Мұнан кейін облыс əкімі А. Баталов Талғар ауданының әкімі Райхан Садықованың ел алдындағы қорытынды есеп беру жиынына қатысты.

 

Аудан әкімі Р. Садықова өз баяндамасында өткен жылы өнеркәсіп өндірісінде құны 30,5 млрд. теңгеге өнім өндірілгенін атап өтті. Соның нәтижесінде 48 жаңа жұмыс орны ашылған. Ал ауыл шаруашылығында өндірілген өнім көлемі 47 млрд. теңгені құраған. Осы көрсеткіш бойынша облыста Талғар ауданы үшінші орында. Алматы қаласының маңында азық-түлік белдеуін дамыту бағдарламасына сəйкес өткен жылы 2 жылыжай іске қосылып, жалпы саны 23 жылыжай жұмыс істеген. Оларда өндірілген көкөніс көлемі 740 тоннаға жеткен. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы 15 жоба қолдау тауып, оларға 3,1 млрд. теңге қаржы берілген.

 

Кездесуде аудан тұрғындарынан жиырмаға жуық сауал берілді. Олардың қатарында тұрғын үймен қамту, тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын ретке келтіру, ауылішілік жолдарды жөндеу, мал жайылымының тарлығы мəселесі, дəрігерлік амбулатория, полиция пунктін салу жəне басқа да проблемалар көтеріліп, жауаптар берілді.

 

Облыс əкімі А. Баталов жиын соңында сөз алып, облыстың өткен жылғы даму жағдайы жайлы қысқаша айтып берді. Қант қызылшасы мен жүгері өсіру, өңдеу, Алакөл көлінде жəне басқа нысандарда туризмді дамыту, сол мақсатта инженерлік коммуникацияны жетілдіру, балабақшамен қамту деңгейін көтеру, жол салу жұмыстары туралы да атап өтті. Мəселен, облыс ауыз сумен қамту бойынша 87% жетті.

 

Облыс әкімі жалпы ауданның 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне көңілі толғанымен, талғарлық коммуналдық қызмет жүйесі қыстың қытымыр мінезіне нашар дайындалғанын қадап айтты.

 

- Талғарда ауыз судың екі бастау көзі бар - жер асты суы жəне ашық су торабы. Ашық су торабының кемшілігі - жаңбыр кезінде су лайланады. Сондықтан алдағы уақытта Талғарда ауыз су мəселесін толық шешу үшін Талғар қаласындағы жер асты су көзіндегі су торабы желісінен нөмірі 1-ші алаңға дейінгі магистралды су таратпасының құрылысы мен жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Жобаның сметалық құны 1,3 млрд. теңге. Жоба республикада қарастырылып, қаржы бөлінгенше жұмыстың алғашқы бөлігін жергілікті бюджеттен-ақ бастай береміз. Жылу жүйесіз «Бозторғай», «Мелиоратор» шағын аудандарындағы үйлері сияқты Талғар ауданында 252 үй бар екен. Сондықтан бүгіннен жедел комиссия құрамыз. Комиссия сол үйлердің коммуналдық жүйелерінің жағдайын толық зерделейді де қорытындысын бір аптада маған əкеліп көрсетуі тиіс. Төтенше жағдайға қарастырылған қаржы негізінде жөндеу жұмыстарын жылу маусымы біткенін күтпей-ақ қазірден бастай береміз. Ауданға табиғи газ тартылған, сондықтан тұрғын үйлердің жылу жүйесі үшін қазандықтарды газға арнап салған дұрыс, ыстық су, суық су жүйелері де ретке келтіріледі. Бірақ көп қабатты үйлерде пайдалануға берілген коммуналдық жүйенің жұмысын ұйымдастырып, бас-көз болатын ПИК-тер міндетті түрде құрылуы керек, - деді А. Баталов.

 

Облыс басшысы Талғар ауданы 200 мыңнан астам халқы бар өте үлкен ауданның бірі екенін айта келе, биылғы жылы ауданның негізгі жобалары мен жоспарларында Елбасы Жолдауында айтылған басымдықтар басшылыққа алынуы тиіс екенін ескертті. Соның ішінде кооперативтер құру, экспортқа бағытталған өнеркəсіпті дамыту, жаңа технологияларды енгізу, нəтижелі жұмыспен қамту сияқты бағыттар басты назарда болуы тиіс.

 

- Ауданда тұрғын үй кезегінде үш мың адам тұр. Ал жылына ары кеткенде 60 пəтерлік бір үй салып отырсаңдар, мəселені жуық арада шеше алмайсыңдар. Сондықтан «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысының көлемін арттыру қажет. Тұрғын үй салынатын жерлерге инженерлік-коммуникациялар жүргізуге көмек сұрап, ұсыныс беріңдер, қолдаймыз. Əкімдер бастамашылдықпен жұмыс істеуі тиіс, - деді А. Баталов.

 

Жиын соңында аудан тұрғындары Р. Садықованың 2017 жылғы жұмысына қанағаттанарлық деп баға берді.