
2017 жылдың жаз маусымында Қапшағай су қоймасы жағалауында 329,8 мың адам демалып, бюджетке 440 млн. теңге түскен. Бұл туралы облыс әкімі Амандық Баталовқа бүгін Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбеков облыс әкімдігінің көшпелі мәжілісі барысында баяндады.
Облыс әкімі Амандық Баталов төрағалық еткен жиында үш мәселе қаралды: облыстың 2017 жылғы әлеуметтік-экономинкалық даму қорытындылары мен 2018 жылдың міндеттері, Қапшағай қаласының 2017 жылдың даму қорытындылары және жұмыссыздар мен өз бетінше нәтижесіз жұмыспен қамтылғандардың қызметін рәсімдеу жұмыстары туралы мәселелер қаралды.
Жиынды ашқан облыс әкімі Амандық Баталов:
- Қапшағайда өткен жылы ауқымды жұмыстар атқарылды. Сондықтан аудан, қала әкімдері мұндағы жүзеге асырылған жобаларды көріп, үйренсін, тәжірибелеріне енгізсін деген оймен әкімдіктің көшпелі отырысын Қапшағайда өткізуді жөн көрдік, - деді облыс әкімі.
Облыстың 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы жөнінде облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов баяндады. Ж. Тұяқовтың айтуынша, 2017 жылдың қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпін байқалады. Жалпы өңірлік өнім 2,7%-ке өсіп, 2 трлн. 449 млрд. теңгеден асты. Өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 750,5 млрд. теңге немесе 2016 жылмен салыстырғанда 102,9%, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 647,6 млрд.теңге немесе 103,3%, бөлшек тауар айналымы – 434 млрд.теңге немесе 107,1% құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 256,8 млрд. теңгеге жетті, нақты көлем индексі 100,7% құрады, 646,1 мың ш.метр тұрғын үй пайдалануға берілді немесе жоспарға 105,7%. 527,3 млрд. теңге инвестиция тартылды, 26240 жұмыс орны құрылып, жұмыссыздық деңгейі 4,8%-тен 4,7%-ке дейін төмендеді.
Бұдан әрі баяндамашы облыста мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, шағын және орта бизнестің, ТҮКШ және әлеуметтік салалардың дамуы жайына да кеңінен тоқталды. Мәселен, 2017 жылы 118 балабақша ашылса, соның 117-сі – жекеменшік. Балаларды мектепке дейінгі қамту деңгейі 87%-тен 95,35%-ке өскен. Ал облыста ауыз сумен қамту көрсеткіші 87,3 % жеткен. Бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Ж. Тұяқов ілгерілеушіліктермен қатар кемшіліктерге де тоқталып өтті. Мысалы, Талдықорған, Текелі қалаларында микрокредит алуға тиіс 140 адамның тек 18-іне ғана несие берілген. Білім сапасының төмендігі Жамбыл, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ аудандарында байқалады. Облыстың бірқатар өңірлерінде ана өліміне жол берілген.
Жиында сөз сөйлеген Жамбыл ауданының әкімі Ж. Далабаевқа облыс әкімі биылғы жылы жұмысты барынша нәтижелі атқаруды тапсырды. Жылдың қорытындысы бойынша бірқатар көрсеткіштердің төмендеуі, солардың қатарында ҰБТ қорытындысы мен білім сапасының төмендігі орын алған.
Тағайындалғанына көп уақыт өте қоймаған Көксу ауданының әкімі Алмас Әділге әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасын ерекше бақылауда ұстауды, орталық стадион құрылысын жеделдетуді ескерткен облыс басшысы жалпы жыл қорытындысы бойынша аудан көрсеткіштерінің жаман еместігін атап өтті.
Сондай-ақ биылғы жылғы аграрлық саланың даму жоспары туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы С. Бекішов айтып берді.
Қазіргі кезде 11,6 га жерге себуге қант қызылшасының тұқымы әзірленген. Облыстағы қант қызылшасының алқабы биылғы жылы 12 га жерге жеткізіледі.
Амандық Баталов Райымбек ауданының әкімі Жолан Омаровтың ауданда картоп өндірісін дамытуға қатысты нақты ұсыныс білдіргенін жеткізді.
Осы мақсатта облыс басшылығының қолдауымен ауданда 2 сервистік-дайындау орталығы құрылмақ, арнайы техника сатып алынып, ирригация жүйелерін қалпына келтіруге көмек көрсетілетін болады. Ж. Омаровтың айтуынша, ауданда 16 мың тонна картоп сақтауға болатын арнайы қоймалар бар. Кербұлақ ауданының әкіміне де картоп өсіру ісін жандандыруға кірісуді тапсырған облыс басшысы ол ауданның да бұл істе мүмкіндігі мол екенін айтты.
Сонымен қатар өңір басшысы биылғы жылы шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандардың үлесін арттыру бойынша үлкен жоспарлар бар екенін де тілге тиек етті.
- Осы жылы облыста шағын және орта бизнес бойынша 100 нысан ашу көзделіп отыр. Бұл нысандар өңірдің барлық аудан, қалаларына бөлінеді. Әрбір аудан, қала әкімдерінің қай жерде қандай нысан ашылады, онда қанша жұмыс орны құрылады, сол тұрғыда нақты жоспарлары болуы тиіс, тіпті шағын 15-30 орындық болса да нысандар ашуға ниетті болу керек. Соның есебінен жаңа өндіріс орындары жұмыс істейді, салық түсімдері артып, өндіріс өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі артатын болады, - деді А. Баталов.
Облыс әкімі облыстық энертегика және ТҮКШ басқармасы мен Еңбекшіқазақ аудандық әкімдігінің жұмысы көмір тапшылығын туындатқан жағдайларға байланысты сынға алынды. Амандық Баталов: «Тиісті басқарма басшысы мен осы салаға жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасары жағдайды дер кезінде бақылап отырғанда мұндай күрделі мәселе туындамаған болар еді. Жағдайды қатаң бақылауға алып, проблеманы жылдам шешіңдер», - деп тапсырды.
Бұдан кейін екінші мәселе бойынша Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбеков баяндама жасады. Қала басшысы баяндамасын өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, бизнес пен туризм және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларына – 4 бөлікке жіктеп баяндады. Оның айтуынша, қалада 42 өнеркәсіп орны жұмыс істейді, оның ішінде ірі және орта санатқа жататыны - 14, олардың үлесіне өндірілетін өнімнің жалпы көлемінің 76,1%-і тиесілі. 2017 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 55 млрд. теңгені құрады, нақты көлем индексі - 112,4%. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі - 70,6% немесе 38,8 млрд. теңге. Өнеркәсіп бойынша жылдық жоспар 106,9% орындалды. Ауыл шаруашылығы бойынша жалпы өнім көлемі 11,3 млрд. теңгені құрады, оның ішінде мал шаруашылығы өнімі – 2,1, өсімдік шаруашылығы – 9,2 млрд. теңге. Нақты көлем индексі - 101,1%.
Қапшағай су қоймасы жағалауында жазғы маусымда 329,8 мың адам демалып, бюджетке 440 млн. теңге түсті. Мұнда 146 туризм объектілері жұмыс істейді.
Сонымен қатар Т. Қайнарбеков биылғы жылдың жоспарларына да тоқталды. Атап айтқанда, осы жылы Кәсіпкерлердің өңірлік палатасының қолдауымен Қапшағайда «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейтін Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы іске қосылатын болады. Қапшағайда шағын және орта бизнестің белсенді кәсіпорындарының саны – 3659, осы салада 16,5 мың адам еңбек етеді. Олар өндірген өнім мен көрсеткен қызмет көлемі 4%-ке өсіп, 12,7 млрд. теңгені құрады. 2017 жылы шағын және орта бизнестегі 52 нысан пайдалануға берілген және кеңейтілген, соның нәтижесінде 682 жұмыс орны құрылған.
Сондай-ақ Қапшағай қаласының әкімі биылғы жылы қаладағы Алматы демалыс аймағының солтүстік жағалауының құрылысы жоспарланып отырғанын айтты.
Жұмыстың сапалы жүргізіліп жатқанын тілге тиек еткен облыс әкімі А. Баталов тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын, фильтрлеу алаңдарын экологиялық талаптарға сәйкестендіруді тапсырды. «Ақылды қала» бағдарламасын Қапшағайда дамытуға назар аударуды ескертті.
Үшінші мәселе бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Зайда Ілімжанова айтып берді. З. Ілімжанованың айтуына қарағанда, әрбір аудан, қалада жұмыссыздар мен өз бетінше нәтижесіз жұмыспен қамтылғандардың қызметін рәсімдеу жұмыстарын жандандыру керек. Сондай-ақ ол атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматқа көшірілуі бойынша мәлімет берді. Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар толықтырғандай, жұмыссыздар мен өз бетінше нәтижесіз жұмыспен қамтылған азаматтарды қолданыстағы жұмыспен қамту бағдарламаларына тартудың, еңбекпен қамту маңызы зор. Себебі бұл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің аса ауқымды құрамдас бөлігі болып отыр.
Жиын қорытындысында облыс әкімі Амандық Баталов:
- Жыл бойы Қапшағай қаласының жергілікті атқарушы органдарының абаттандыру бойынша тындырымды жұмыс атқарғанына бүгін қаланы аралау барысында көз жеткіздік. Жұмыстың нәтижесі көз қуантады, көптеген мәселелер шешімін тапқан. Басталған жұмысты одан әрі де осы қарқынмен жалғастыру керек. Біз өз тарапымыздан қала әкімі айтқан көркейту, туризмді дамыту мәселелеріне барынша қолдау көрсететін боламыз. Осындай бірлескен жұмыстың нәтижесін халық көруі тиіс.
Мемлекет қолдауының арқасында 2017 жылы жалпы облыстың дамуында оң қарқын сақталды. Биылғы жылды біз Мемлекет басшысының жаңа Жолдауында айтылған он басымдықты бағыт етіп бастап отырмыз. Ол басымдықтардың әрқайсысы бойынша белсенді жұмыс істеп, әр аудан, қала өз үлесін қосуы тиіс, сонда ғана толыққанды нәтиже болады, - деді өз сөзінде.