
Алматы облысында соңғы бес жылда тұрғын үймен біріктірілген 178 учаскелік полиция пункті салынды. Тағы 43 осындай пункт салынғанда олардың саны 221-ге жетеді, сөйтіп учаскелік инспекторлардың ғимараты мен тұрғын үйлерінің мәселесі толықтай шешіледі. Бұл туралы бүгін өзінің тұрғындар алдындағы есепті онлайн кездесуінде облыс әкімі Амандық Баталов айтты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жиында айтылғандай, 2020 жылы полиция органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту жұмысы жалғасты. 79 автомашина сатып алынып, облыс автожолдарында фото-видео тіркеу жүйесінің құрылғылары ауыстырылды.
Барлығы 1268 бейнебақылау камерасы орнатылды, соның 871-і – Талдықорғанда. Биылғы жылы 1,4 млрд. теңгеге тағы 500 камера қойылады.
Осындай қабылданған шаралардың нәтижесінде қылмыс саны 36,3% азайды.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.