
Алматы облысында үш ауысымды мектептерді болдырмау үшін соңғы 5 жылда Үкіметтің қолдауымен 27 мың орындық 49 мектеп салынды. Өткен жылы 7 мектеп іске қосылады, биылғы жылы тағы 18 мектеп салынады. "Жұмыспен қамту жол картасы" шеңберінде 2021 жылы тағы 7 мектептің құрылысы басталады, оның 6-уы үш ауысымды мектептің орнына. Бұл туралы облыс әкімі Амандық Баталов тұрғындар алдындағы есепті жиынында айтты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Білім саласында оқушылар мен колледж студенттерінің қашықтан оқуына барлық жағдай жасалған.
80 мың компьютер сатып алуға 12,3 млрд. теңге бөлінді, 23,7 мың мектеп компьютерлері мұқтаждарға уақытша ұстауға берілді. Демеушілердің қаржысы есебінен 2110 бірлік оргтехника сатып алынды.
1 млрд. теңгеге заманауи жаңа 70 автобус сатып алынды. Аулалардағы әжетханалар мәселесі шешілді, 348-і жойылды, енді күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан және жаңадан салынып жатқан мектептердегі 17-сі ғана қалды.
Елбасының Бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру шеңберінде Талдықорғанда Жетісу университетінің, медициналық және политехникалық колледждердің, Қаратал ауданындағы Бастөбе колледжінің студенттеріне арнап жаңа жатақханалар салынып, іске қосылды.
Амандық Баталовтың айтуынша, өңірде 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім беру мекемелерімен қамту деңгейі 98% жетті. 127 балабақша салғанда 2022 жылы бұл көрсеткіш 100% жетеді.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.