Алматы облысында бюджет шығындарының 55%-тен астамы әлеуметтік салаға бағытталған

Алматы облысында бюджет шығындарының 55%-тен астамы әлеуметтік салаға бағытталған

Бюджет шығындарының 55%-тен астамы әлеуметтік саланың мәселелерін шешуге бағытталады. Мәселен, індет кезінде халықты қолдау мақсатында «Еңбек» бағдарламасын қаржыландыру көлемі 16 млрд.теңгеге артты. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жұмыссыз және өзін өзі жұмыспен қамтыған 34,5 мың азамат тартылды. Бұл туралы бүгін тұрғындар алдындағы есеп беру жиынында баяндама жасаған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Баяндамашының айтуына қарағанда, Жалпы сомасы 8,7 млрд. теңге болатын атаулы әлеуметтік көмекті 18,5 мың әлеуметтік-әлжуаз отбасы алды. Сомасы 1,2 млрд. теңге болатын кепілдендірілген әлеуметтік пакет 19 мыңнан астам балаға берілді. 42500 теңге көлеміндегі 15,6 млрд. теңге болатын төлемақыны 368 адам алды.

Білім саласында оқушылар мен колледж студенттерінің қашықтан білім алуына барлық жағдай жасалған. 80 мың компьютер сатып алуға 12,3 млрд. теңге бөлінді, 23,7 мың  мектеп компьютері уақытша пайдалану үшін мұқтаж оқушыларға берілді. Демеушілердің көмегімен 2110 бірлік оргтехника берілді.

Бір млрд. теңгеге 70 жаңа заманауи жайлы автобустар сатып алынды. Ауладағы әжетханалар мәселесі шешіліп, 348-і жойылды, күрделі жөндеу немесе құрылысы жүріп жатқан мектептердегі 17-сі ғана қалды.

- Үш ауысымды оқытуды болдырмау үшін Үкіметтің қолдауымен соңғы бес жылда 27 мың орындық 49 мектеп салынды. Дегенмен мұндай мектептер саны бала туу көрсеткішінің өсуіне және ішкі көші-қонға байланысты артуда, бүгінгі күні осындай 49 мектеп бар. Өткен жылы барлығы жеті мектеп пайдалануға берілді, биылғы жылы 18 мектеп салынады, - деді А. Баталов.

«Жұмыспен қамту жол картасымен» 2021 жылы тағы жеті мектептің құрылысы басталады, оның алтауы – үш ауысымды мектептің орнына салынады.  

Елбасының Бес әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында Талдықорғанда Жетісу университетіне, медициналық және политехникалық колледжіне, Қаратал ауданында Бастөбе колледжіне жатақханалар салынып берілді.  

3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту деңгейі 98%-ға жетті. 2022 жылға қарай ашылған балабақшалар саны 127-ға жетіп, қамту деңгейі 100 % болады.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.