
Алматы облысында ауылдық жерлерде қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған «Ауыл - Ел бесігі» жобасында екі жылда 25 ауыл қамтылып, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымдарды жақсарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұл туралы бүгін халық алдындағы есепті жиынында облыс әкімі Амандық Баталов айтты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мәселен, 19,8 млрд. теңге игерілді, екі дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды, 17 мектеп, 4 мәдениет үйі, 3 денсаулық сақтау нысаны, 97 км инженерлік желілер, 138 км ауылішілік жолдар жөнделді.
Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек ауылында сумен қамту, ауыл ішілік жолдарды, тротуарларды жөндеу, көше шамдарын орнату бойынша 12 жоба іске асырылды. Сол сияқты мектеп, 2 балабақша, мәдениет үйі жөнделді.
Жалпы екі жыл ішінде «Ауыл - Ел бесігі» жобасымен өңірдегі 25 ауыл қамтылды.
Атап өтсек, мәдениет және спорт салаларында "Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасының, «Ауыл - Ел бесігі» жобасының аясында 18 ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізілді, 3 нысан биылғы жылы аяқталады. Сол сияқты Қарасай ауданының Райымбек ауылында, Ескелді ауданының Қарабұлақ ауылында, Көксу ауданының Балпық би ауылында 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Соңғы 5 жылда 11 ДСК салынды, биылғы жылы тағы 5-еуінің құрылысы жоспарланған.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.