Алматы облысында қолжетімді тұрғын үй көлемін арттыруға көп көңіл бөлінеді. Биылғы жылы бір млн. шаршы метрден астам тұрғын үйді іске қосу жоспарланып отыр, Соның ішінде «Нұрлы жер» бойынша – 1,6 есеге арттыра отырып, 191 мың шаршы метр салу, 1390 пәтерлік 37 коммерциялық үй салу көзделген. Бұл туралы бүгін өзінің халық алдындағы есеп беру жиынында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов есепті жиынында айтты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс басшысының айтуынша, бүгінгі күні пәтер кезегінде 51,8 мың адам тұр, жер учаскесі кезегіндегі адам саны - 154,2 мың адам.
Өткен жылы 2 395 отбасы тұрғын үймен қамтылған, сол қатарда көп балалы және әлеуметтік әлжуаз санатындағы 1 258 отбасы бар, соның ішінде 180 үйді меценаттар өз қаражатына алып берген.
- Жаңа баспанаға 3731 отбасы ие болады, соның ішінде «Бақытты Отбасы», «7-20-25», «Шаңырақ» бағдарламалары арқылы 1906 адам үйлі болады. Дегенмен мен жаңа айтып өттім, біздің облыста кезекте тұрғандар саны көп, сондықтан тұрғын үйлерді көптеп салып, құрылыс қарқынын тоқтатпауымыз керек, - деді А. Баталов.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.