
Бүгін Талдықорғанда Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен облыстық актив отырысы өтті. Онда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында аталған тапсырмаларды орындауға қатысты облыстың атқарушы органдарының жұмысын пысықтау мәселесі қаралды. Селекторлық тәртіпте өткен жиынға өңір басшысының орынбасарлары, аудан, қала әкімдері, облыстық басқарма, департаменттер, құқық қорғау органдарының басшылары, депутаттар мен облыс тұрғындары, «Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, мемлекеттік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Актив отырысында алдымен облыс әкімі Амандық Баталов негізгі әлеуметтік көрсеткіштер туралы баяндама жасады. Өз сөзінде өткен 2017 жылы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысын шығарып, Жолдауда айқындалған стратегиялық маңызы бар негізгі 10 бағыт бойынша өңірде тиімді жүзеге асырылуы тиіс жұмыстарға тоқталып өтті.
Атап айтқанда, 1-ші бағыт бойынша 1 ақпанға дейінгі мерзімде облыстың ірі кәсіпорындарының жаңғыртылуы және цифрландырылуына талдау жүргізіп, олардың ішінен цифрландырудың пилоттық жобасын енгізуге барынша ыңғайлы 2 кәсіпорынды анықтап, инновациялық жобаларды жүзеге асыруды ұсынған инвесторларды арнайы белгіленген индустриалды аймақтарға белсенді түрде тартып, цифрлық технологияларға негізделген мемлекеттік индустриалды-инновациялық дамудың үшінші бесжылдығында іске асырылатын жобалардың тізімін құруға бағытталған жұмыстарды қолға алуды тапсырды.
Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту мақсатында облыста жаңадан 32 электр стансаларын салу арқылы 2020 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің көрсеткішін 54% жеткізу тапсырмасы қойылды.
Сондай-ақ өңір басшысы облыста заманауи үлгіде тұрмыстық қатты қалдықтарды жою мен қайта өңдеу бағытындағы жұмыстардың қолға алына бастағандығын хабарлады. Жергілікті бюджет есебінен қалдықтарды басқарудың өңірлік жүйесі жасалуда. Сонымен қатар Талдықорған қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеудің пилоттық жобасы қолға алынды.
Өз сөзінде облыс әкімі ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласында инновациялық «ақылды» технологияларды енгізу, облыста білім беру және денсаулық сақтауды дамыту, тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру тұрғысындағы тапсырмаларға жіті көңіл бөлінетіндігін ескерте келе аталған бағыттардың әрқайсысы бойынша нақты тапсырмалар берді.
Сондай-ақ Амандық Баталов өз сөзінде Жолдауда аталып өткендей, алдағы уақытта көлік қатынасын басқару мен инфрақұрылымды дамыту қажеттілігін айқындауға ықпалын тигізетін Интеллектуалды көлік қатынасы жүйесінің енгізілетіндін атап өтті.
- Біз өз тарапымыздан жергілікті жолдарды жөндеу мен қалпына келтіру арқылы өңірішілік мобильділігімізді жақсартуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруымыз қажет. Республикада бұл іске жыл сайын 150 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлу қарастырылған. Біздің өңірімізде соңғы жылдарда жыл сайын елді мекендердің жолдарын қоса алғанда осы жұмыстарға 25 млрд. теңгеге дейін қаражат бөлініп келеді. Бұл айтарлықтай көп қаражат және бұл жұмыстар әрі қарай да жалғасын таба береді. Осыған байланысты жолдарды жөндеу кезінде сапаға үлкен мән беруді, соның ішінде туристік нысандарға жеткізетін жолдарға ерекше мұқият қарауды, сондай-ақ облыстың жолдары республиканың Интеллектуалды көліктік жүйесімен тұтас бір ортақ көлік логистикасын құрауын тапсырамын, - деді А.Баталов.
Сонымен бірге облыс әкімі жемқорлықпен күрес, мемлекеттік қызмет көрсету және облыс орталығында «Смарт сити» жобасын енгізуді жылдамдату мәселелеріне тоқталып өтті.
Сөз соңында өңір басшысы Амандық Баталов Елбасы Жолдауын халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізетін ақпараттық топтарды құруды тапсырды.
Осыдан кейін актив отырысында облыс жұртшылығының атынан сөз алған өкіл-азаматтар, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына кезекті Жолдауының маңыздылығын, оның заман ағымындағы өзектілігі мен қажеттілігін атап өтті.
Активтің кезекті жиынын қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов:
- Алматы облысы 2017 жылдың қорытындысы бойынша өз алдына қойған әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық көрсеткіштерін орындады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында біз өзімізге артылған міндеттерді толығымен атқара алдық. Бүгінде біздің алдымызда ауқымды жұмыстар тұр. Елбасы Жолдауындағы белгіленген тапсырмаларды назарға ала отырып, ағымдағы жылы атқаратын жұмыстарымыздың жоспарын әзірледік. Енді бәріміз еліміздің өркендеуі жолында бір жұдырықтай бірігіп, талмай-тынбай еңбектенуіміз қажет, - деп ойын түйіндеді.