Жаңа жыл қарсаңындағы жарқын жүздесу

 Жаңа жыл қарсаңындағы жарқын жүздесу

Жаңа жыл қарсаңында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов дәстүр бойынша өңір ардагерлерімен кездесті. Алматы қаласындағы «Қазақстан» қонақ үйінде ұйымдастырылған шараға әр жылдарда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысқан 150-ге жуық ардагер шақырылды.

 

- Құрметті ардагерлер! Бүгін 2018 Жаңа жылдың қарсаңында біз сіздермен жылдағы дәстүр бойынша кездесіп отырмыз. Сіздер – біздің тірегіміз де мақтанышымызсыздар. Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің, ерік-жігер, күш-қайраттарыңыздың арқасында біз үлкен жетістіктерге жеттік, Жетісу өңірінің өсіп-өркендеуінде сіздердің қайталанбас қолтаңбаларыңыз, ерен үлестеріңіз бар, - деді облыс әкімі А. Баталов кездесуге қатысушыларға арналған құттықтау сөзінде.

 

Ардагерлерді Жаңа жылмен құттықтай келе облыстың өткен жылы қол жеткізген негізгі экономикалық көрсеткіштерін де атап өтті. 

 

Амандық Баталовтың айтуынша, жалпы өңірлік өнім 2 трлн. теңгеден асқан. Елбасының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың да нәтижелілігін атап өтті. "Нұрлы жол", "Нұрлы жер" және басқа да бағдарламалардың, "Батыс Еуропа - Батыс Қытай", "Қорғас - Шығыс қақпасы" сияқты іргелі жобалардың жүзеге асырылуы жайында айтып берді. Сонымен қатар, мәселен, облыста 1800 өнеркәсіп орны жұмыс істесе, соның 20-сы ірі трансұлттық компаниялар. Республика бойынша өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің 17 проценті біздің облысқа тиесілі. Бұл ретте биылғы жылы агроөнеркәсіп секторына 36 млрд. теңге инвестиция тартылған. Ауыл шаруашылығы дақылдарының алқабы 948 мың гектарға жетті. Сондай-ақ өңір басшысы әлеуметтік саладағы – денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет пен спорт бойынша да атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті. Соның ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған істерді де тілге тиек етті.

 

Сөзінің соңында облыс әкімі Амандық Баталов:

 

- Құрметті жерлестер! Сіздерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Алдағы уақытта да азаматтық белсенді ұстаныммен, жинаған тәжірибелеріңізді, өмірден көрген-түйгендеріңізді бөлісіп, өңіріміздің өркендеуіне әлі де атсалысады деп ойлаймын. Мереке құтты болсын! Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, бақ-береке тілеймін! – деді.

 

Ардагерлер де Мемлекет басшысының атына зор алғыстарын жеткізіп, ардагерлерге жасалып отырған қамқорлық пен қолайлы жағдайдың арқасында қоғам өмірінен қол үзбей, облыстың рухани өміріне белсене қатысатындықтарын айтты.