Алматы облысының әкімі өңірдегі Қоғамдық кеңестің алдында есеп берді

Алматы облысының әкімі өңірдегі Қоғамдық кеңестің алдында есеп берді

Қоғамдық кеңестің отырысында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов 2020 жылдағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен 2021 жылға арналған міндеттер туралы баяндады. Өз есебінде облыс әкімі биылғы жылы алға қойылған стратегиялық міндеттерді орындау мақсатында Алматы облысы аумақтарын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасы әзірленгенін атап өтті. Сол сияқты халықтың кірісін арттыруға ықпал ететін экономиканы дамытудың жоғарғы қарқынын сақтау, инвестиция тарту ісі негізгі міндеттердің қатарында екенін еске салды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Баяндамашының айтуынша, АӨК саласында ет, сүт, май, көкөніс пен жеміс-жидек өңдеуге қатысты ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Соның арқасында биылғы жылдың қорытындысында ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 1 трлн. теңгеге жетеді, бір адамға шаққандағы еңбек өнімділігі 2,8 млн. теңгені құрайды.

Шағын және орта бизнесті жан-жақты қолдау жалғастырылады. Бүгінгі күні облыста індетке байланысты туындаған қиындықтарға қарамастан шағын және орта бизнес субъектілерінің саны азайған жоқ. Облыста 262 мың адам жұмыс істейтін 123 мың кәсіпорын жұмысын жалғастыруда. "Жұмыспен қамту жол картасы" және "Еңбек" бағдарламалары аясында 4 мың кәсіпкер 15 млрд. теңге көмек алды.

Сол сияқты дағдарысқа қарсы жоспар шеңберінде бизнестің 119 мың субъектісі салықтық ынталандыру алды, 641 субъектіге 24 млрд теңгеге несиелер төлемін кейінге шегеруге мүмкіндік берілді. 6,5 мың жалға алушыларға жалға алу төлемі 30%-тен 90%-ке дейін төмендетілді.

А. Баталов тұрғын үй көлемін арттырудың жоспарланған шаралары туралы да айтып берді. Тек өткен жылдың өзінде 2 395 отбасы үйлі болды, соның ішінде 1 258 көп балалы және әлеуметтік әлжуаз отбасылар баспанаға ие болды. Бұл ретте 180 үйді меценаттар алып берді.

Облыс әкімінің айтуынша, үш ауысымда оқытуды болдырмау, Мектепке дейінгі білім беруді дамыту жөніндегі кешенді жоспарды жүзеге асыру, медициналық қызмет сапасын жақсарту жұмыстары жалғасады. Үш ауысымда оқытуды болдырмау мақсатында Үкіметтің қолдауымен соңғы бес жылда 27 мың орындық 49 мектеп салынған. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады.

Баяндамашы инфрақұрылымды дамыту ісіне де кеңінен тоқталып өтті. Сол қатарда өңірді газдандыру, жол жөндеу, шағын қалалардағы көп қабатты үйлерд газбен жұмыс істейтін блокты-модульді қазандықтар орнату жолымен орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу, орталықтандырылған ауыз сумен қамту жайлы да айтып берді.

Әлеуметтік салаларды дамыту жайлы баяндай келе, Амандық Баталов бұл саланың мәселелерін шешуге бюджет шығыстарының 55%-тен астамы бағытталып отырғанын тілге тиек етті.

Мәселен, індет кезінде халықты қолдау мақсатында "Еңбек" бағдарламасын қаржыландыру көлемі 16 млрд. теңгеге арттырылды. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 34,5 мың жұмыссыз және өзін өзі жұмыспен қамтыған азамат тартылды.

Мәдениет, спорт салалары да назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, "Жұмыспен қамтудың жол картасы", "Ауыл - ел бесігі" бағдарламаларының арқасында 18 ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жасалды. Сол сияқты Карасай ауданы Райымбек ауылында, Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылында, Көксу ауданы Балпық би ауылында 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Жалпы соңғы бес жылда 11 ДСК салынды, биылғы жылы тағы бесеуі тұрғызылады.

Баяндаманы тыңдап болған соң Қоғамдық кеңес мүшелері облыс басшысына бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Айтылған пікірлер негізінен ірі қара етін өңдеу, жабайы сауда мәселелерін шешу, тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу, облыс орталығын абаттандыру, суармалы жерлерді айналымға қосу, соның ішінде Жоламан массивін қалпына келтіру, сол сияқты ауылдық елді мекендерде интернет сапасын арттыру, сабақтан тыс кездерде мектеп оқушыларының бос уақытын пайдалы ұйымдастыру үшін аулалық клубтар құру мәселелері бар. Барлық сұрақтарға Амандық Баталов нақты жауап беріп, Қоғамдық кеңес мүшелерінің ұсыныстарын қолдайтындығын айтты.

Кездесу онлайн және офлайн режимде өтті.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.