Облыс әкімі еңбек ардагерлерін құттықтады

Облыс әкімі еңбек ардагерлерін құттықтады

Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов КСРО ордендерінің үш дүркін кавалері, еңбек ардагері, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Бәтима Сақауованы және Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерінің кавалері, мәдениет қайраткері Егеубек Далбағаевты келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Алматы облысының Құрметті азаматтары қатарындағы қос ардагерге жаңа жылдық сыйлықтар мен гүл шоқтарын берді.

 

Еңбек ардагерлеріне арнаған құттықтау сөзінде А. Баталов олардың облыстың өсіп-өркендеуіне қосқан үлестері мен ерен еңбектері кейінгі буынға әрқашан үлгі болып қалатынын жеткізді.

 

Бәтима Сақауова Мемлекет басшысы мен облыс жетекшілерінің алдыңғы толқынға көретіп келе жатқан қамқорлықтары үшін алғысын білдіріп, үйде отырса да елдегі, облыстағы барлық жаңалықтарға құлақ түріп, хабардар болып отыратынын айтты. Соңғы жылдары облыс орталығы Талдықорған қаласының түрленіп, түлеп келе жатқанын тілге тиек етті.

 

- Мен әрқашан облыс туралы жаңалықтарды біліп отыруға тырысамын. Жетісу өңірінің көркейгені – мен үшін үлкен қуаныш. Жүгері мен қант қызылшасының алқабын жыл сайын арттырып келесіңдер. Талдықорған да жылдан жылға сәулеттене бастады. Өзіңді «Халық әкімі» атанды деп естіп жатырмын, осы атқарып жатқан істерің оған әбден лайық деп ойлаймын, - деді Б. Сақауова облыс басшысы А. Баталовқа қарата айтқан сөзінде.

 

Еңбек ардагері Егеубек Далбағаевқа облыс әкімі «Құрмет» орденін тапсырды. Өз кезегінде Е. Далбағаев та ардагерлер атынан облыс жұртшылығын жаңа жылмен құттықтап, елімізге тыныштық, бақ-береке тіледі.