
Қаратал ауданының әкімі лауазымына ұсынылған Рауан Рақымбековтің кандидатурасы Президент Әкімшілігі тарапынан және аудандық мәслихат депутаттарынан қолдау тапты. Бұл туралы бүгін Қаратал ауданының активіне жаңа әкімді таныстырған облыс әкімі А. Баталов айтты.
Облыс басшысы А. Баталов атап өткендей, Қайрат Бисембаев басшылық еткен үш жыл ішінде ауданда бюджетке инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған көлемді жұмыстар атқарылды. Сол сияқты елді мекендерді абаттандыруда, халыққа қолайлы тұрмыстық жағдай жасауда елеулі нәтижелерге қол жеткізілді.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Қ. Бисембаевқа ризашылығын білдірген облыс әкімі А. Баталов активке жаңа басшыны таныстырды.
Аудан жұртшылығы атынан сөз алған бірқатар азаматтар Қ. Бисембаевқа ақ жол тілеп, жаңа әкімге барлық бастамаларына қолдау білдіретіндерін жеткізді.
Өз кезегінде Р. Рақымбеков облыс басшылығы мен аудан жұртшылығына көрсеткен қолдаулары үшін алғысын айтып, өзіне артылған сенімге селкеу түсірмей, жүктелген міндеттерді тиянақты орындауға бар күш-жігерін жұмсайтынына сендірді.
Жиын қорытындысында облыс әкімі Амандық Баталов Қаратал ауданының жаңа әкімінің алдына бірқатар жаңа міндеттер қойды.
- Ауданның әлеуметтік-экономикалық өсімі тұрақты, дегенмен алда атқарылар істер көп. Пайдаланылмай жатқан жерлерді айналымға енгізу, өнеркәсіп нысандарын, жаңа жұмыс орындарын ашу, инвестиция тартуға көп назар аудару керек. Қазіргі кезде Қаратал өзенінің арналарын ашу жұмысы жақсы жолға қойылған. Осы жұмысты одан әрі жалғастыруға тиіспіз. Шаруаларға күріш пен қант қызылшасын өсіруде жан-жақты қолдау көрсетіп, сервистік-дайындау орталықтарын құрып, жаңа техникалармен қамтамасыз еттік. Енді сол қолдаулардан жақсы нәтиже шығарып, оң көрсеткіштерге қол жеткізе жұмыс істеу керек. Аудан жұртшылығының қолдауымен Президентіміздің алдымызға қойған міндеттерін жаңа басшы жергілікті жерде сапалы жүзеге асырады деген үміттемін, - деді А. Баталов.
ТАҒАЙЫНДАУ
Алматы облысы әкімінің өкімімен Рақымбеков Рауан Тұрданғазыұлы Қаратал ауданының әкімі болып тағайындалды.
Рауан Тұрданғазыұлы Рақымбеков
1980 жылы туған. І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін эколог және қаржы бакалавры мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын «Қайнар» ААҚ қайта құю корпусының жұмысшысы, шебері болып бастады. Әр жылдары «Талдықорған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы» ММ-нің жетекші маманы, «Талдықорған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-нің жетекші маманы, Талдықорған қаласы әкімінің кеңесшісі, Талдықорған қаласы Өтенай ауылдық округінің әкімі болып қызмет атқарған.
2013 жылдың қаңтарынан – Текелі қаласы әкімінің орынбасары.
Хроника
Алматы облысы әкімінің өкімімен Қайрат Әшірәліұлы Бисембаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қаратал ауданының әкімі лауазымынан босатылды.