
Биылғы жылы «Мақтанышым менің - Астана» тақырыбындағы Президенттік шырша мерекесі Талдықорған қаласында тұңғыш рет Көрме павильонында өтті. Мерекелік шараға жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар, балалар үйінің тәрбиеленушілері, көпбалалы және аз қамтылған отбасының балалары, сол сияқты оқу үздіктері мен белсенді оқушылар шақырылды. Қатысушылар шыршаға облыстың түкпір-түкпірінен жиналды.
Биылғы жылы Президент шыршасына қатысушыларды аниматорлар, ертегілер кейіпкерлері, әншілер мен музыканттар қарсы алып, жаңа жылдық әндерді қосыла шырқады.
Мереке қыс мезгілінің сұлулығы туралы хореографиялық қойылыммен ашылды. Мұнан соң дәстүр бойынша балалар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жаңа жылдық бейнеқұттықтауын тыңдады.
Сонымен қатар балаларды облыс әкімі Амандық Баталов құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
- Бұл салтанатты шырша тойы – Президентіміздің өздеріңе, өнегелі ұрпаққа көрсеткен құрметі. Жаңа ғана Елбасының өздеріңе деген ыстық ықыласын, жылы лебізін тыңдадыңдар. Бұл шырша тойы есте қаларлық кеш болады деген сенімдемін. Бүгінгі жас ұрпаққа заманға сай білім алуға, үлкен жетістіктерге жетуге мүмкіндіктер зор. Ұлы даланың ұрпақтары ақылды да алғыр, зерделі де зерек болуы керек. Сондықтан, жан-жақты білімді болып, тек алға ұмтылыңдар! Жаңа жыл жақсылыққа толы болсын! Тәуелсіз елімізбен бірге өркендеп, биік белестерді бағындырыңдар! Еліміздің мақтанышы болыңдар! – деді өз сөзінде А. Баталов.
Шара театрландырылған көрініспен жалғасып, балалар Аяз Атаның көмегімен жаңа жылдық шыршаның шырағын жақты. Цирк өнерпаздары қызықты шоуларын ұсынды. Ел Президентінің атынан оқушыларға сыйлықтар берілді.
Бұл жылы Президенттік шыршаның тақырыбы Астананың 20 жылдығына арналды.