
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен Француз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэ өзара ынтымақтастық жайында, сонымен қатар сауда, ауыл шаруашылығы және туризм салаларындағы тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.
Кіріспе сөзінде облыс әкімі А. Баталов Алматы облысы қазірдің өзінде француздық кәсіпкерлермен әріптестік байланыста екенін атап өтті. Мәселен, өңір шаруашылықтары қант қызылшасының француздық тұқымын пайдаланып отыр. Бұл тұқымның сапасы өте жорғары, одан өскен қызылшаның қанттылығы 15-17 %-ке дейін жетеді. Сонымен қатар Амандық Баталов француздық тұқымның облыс ауыл шаруашылығында қолданылып келе жатқанына бірнеше жыл болғанын, биылғы жылы жергілікті тұқымды селекциялау жұмысы басталғанын тілге тиек етті.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инвестициялық тартымдылығы туралы әңгімелеген облыс басшысы алдағы уақытта екі тараптың әріптестік байланысын дамытуға әлеуеті бар салаларды атап өтті.
Осы жиында туризм бойынша тәжірибе алмасу мәселесі талқыланды. Филипп Мартинэ Алматы облысының табиғи-климаттық жағдайының жайлылығын, оның туризмді дамытуға, соның ішінде тау шаңғысы туризмін өркендетуге зор мүмкіндік беретінін айтты. Өңірдің географиялық ерекшеліктерінің арқасында спорттың маунтибайк сияқты жаңа түрін дамытудың әлеуеті зор. Бұл - тау велосипедін жақсы көретіндерге арналған спорт түрі. Кездесуге қатысушылар спорттың бұл түрлерін дамыту туристерді тартуға көп септесетіндігін айтты.
Қонақтар кездесуді ұйымдастырушыларға алғыс айтып, француздықтар тарапынан білім беру саласында, соның ішінде тіл үйрету курстарын ұйымдастыру, студенттер алмасу жағынан да ынтымақтастықты нығайтуға дайын екендіктерін жеткізді.
Кездесу соңында Амандық Баталов пен Филипп Мартинэ екі тараптың да дамуының жаңа мүмкіндіктеріне жол ашатын өзара ынтымақтастықты жолға қоюдың маңыздылығын атап өтті.