
Бүгін Панфилов ауданына жұмыс сапарымен барған Алматы облысының əкімі Амандық Баталов аудандық мəслихат депутаттарымен жəне аудан активімен кездесіп, жиын өткізді. Аудандық мəслихаттың кезектен тыс XXVI сессиясында облыс басшысы аудан əкімі Бердəулет Абдулдаевтың зейнетке шығуына байланысты аудан əкімі лауазымына Президент Əкімшілігінің келісімімен Темірлан Бектасовтың кандидатурасын ұсынатынын айтты. Бүгінге дейін Б. Абдулдаевтың жетекшілігімен ауыл шаруашылығында, əлеуметтік салада, инфрақұрылымды дамытуда көптеген жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Сол сияқты Т. Бектасовтың тəжірибесі бар, іскерлік қабілеті жоғары екенін тілге тиек етіп, алдағы уақытта жақсы жұмыс істейтініне сенім білдірді.
Аудандық мəслихат депутаттары Т. Бектасовтың кандидатурасын бірауыздан қолдап, келісімін берді.
Мұнан соң облыс əкімі А. Баталов аудан активіне жаңа басшы Темірлан Бектасовты таныстырды. Панфилов ауданының əлеуметтік-экономикалық дамудағы жақсы көрсеткіштері үшін Бердəулет Абдулдаевқа ризашылығын білдіріп, Құрмет грамотасын тапсырды.
Тұрғындар атынан Социалистік Еңбек Ері Күлəш Айтжанова, Панфилов ауданының Құрметті азаматы Шəріп Рахмадинов, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Рахимжан Тохтахунов сөз алып, тілектерін жеткізді.
Бердəулет Абдулдаев өзіне қай істе де қолдау танытып, бығыт берген облыс əкіміне, қоянқолтық бірлесіп еңбек еткен аудан тұрғындарына алғыс айтты. Өз кезегінде Темірлан Бектасов өзіне артылған сенімді ақтап, бар білімі мен тəжірибесін ауданның экономикасын көтеруге бағыттайтынын жеткізді.
Жиын соңында облыс əкімі А. Баталов ауданның жаңа басшысының алдына бірқатар міндеттер қойды.
- Бүгінге дейін Панфилов ауданында біршама жұмыстар атқарылды, газ жеткізілді, апатты көпір жасалды, ирригация жүйесі жақсарды, жүгері өсіру өркендеді, Жібек жолының шығыс қақпасы - Қорғас дамып келеді, жаңа Нұркент қаласы салынады. Бірақ осы атқарылған іспен тоқтап қалмау керек. Бұл – шекаралық аймақ. Сондықтан оны дамытуда аудан тұрғындарымен бірлесіп, бар күш-жігеріңді жұмсайды деп сенім білдіремін, - деді А. Баталов.
ТАҒАЙЫНДАУ
Алматы облысы әкімінің өкімімен Бектасов Темірлан Амангелдіұлы Панфилов ауданының әкімі болып тағайындалды.
Темірлан Амангелдіұлы Бектасов
1969 жылы туған. Алматы гидромелиоративтік техникумын техник-гидротехник, Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын құрылыс инженері мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын Қазақтың картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты «Строитель» кооперативінің техникалық бақылау инженері болып бастады. Әр жылдары «Қарасай аудандық өндірістік-жобалау архитектуралық-бейнелеу бюросы» МҚК I дәрежелі технигі, II дәрежелі инженері, Қаскелең қаласы бойынша сәулет және құрылыс бөлімінің меңгерушісі, «Қарасай ауданының сәулет және қалақұрылысы бөлімі» ММ «Сәулет» МКК директорының орынбасары, Жамбыл және Қарасай аудандық сәулет және қалақұрылысы бөлімдерінің бастығы, Алматы облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы, Кербұлақ ауданы, Талдыбұлақ ауылдық округінің әкімі, Алматы облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет атқарған.
2013 жылдың қаңтарынан – Алматы облыстық құрылыс басқармасының басшысы.
Хроника
Алматы облысы әкімінің өкімімен Бердәулет Ешенұлы Абдулдаев зейнеткерлікке шығуына байланысты Панфилов ауданының әкімі лауазымынан босатылды.