
Бүгін Талдықорған қаласында Алматы облыстық сотының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақ билер соты – әділдік пен бітімгерліктің алтын тұғыры» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараның ашылуында сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов мемлекеттің қалыптасуындағы соттың алатын рөлі жайында айта келе, сот ісін жүргізудің қазақстандық үлігісін қалыптастырудағы билердің сіңірген үлесіне жеке тоқталып өтті.
- Біз қазақ ұлтының ұлы тұлғалары, Төле, Әйтеке және Қазыбек билермен әрдайым мақтанамыз. Олар өзге билермен бірге халықтың бірлігі мен тұтастығын басты құндылық санап, түрлі күрделі мәселелерді шешуде әділ төрелігімен елге танымал болған еді. Алқа билер өздерінің шешендік өнерімен және сот төрелігін шығарудағы шынайылығымен тарихта өшпес із қалдырды. Олардың бай мұрасы бүгінгі күнде де өз маңыздылығын еш жоғалтқан емес, - деді Амандық Баталов.
Конференцияға қатысқан атақты ғалымдар, заңгерлер мен соттар қазақ халқының дәстүрлі құқықтық жүйесі мен мемлекеттілігінің қалыптасуы жайында және сот жүйесінің даму ерекшеліктері, алқа билердің тарихтағы алар орны тұрғысында баяндама жасады.
Шара соңында Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы тапсырмаларды орындауға бағытталған қарар қабылданып, сот жүйесі, мемлекеттік және жергілікті атқарушы, құқық қорғау органдары мен білім беру мекемелері арасында әріптестік жөнінде ведомствоаралық жоспарға қол қойылды.
Жиынды Алматы облыстық сотының төрағасы Мейрамбек Таймерденов қорытындылады.