Облыс әкімі Наурыз Қылышбаевты 80 жасқа толуымен құттықтады

Облыс әкімі Наурыз Қылышбаевты 80 жасқа толуымен құттықтады

Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов қарымды қайраткер, Алматы облысының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Наурыз Қылышбаевты 80 жасқа толуымен құттықтап, Президенттің Құттықтау хатын тапсырды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімі Амандық Баталов алдымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жолдаған Құттықтау хатының мәтінін оқып беріп, хатты мерейтой иесіне табыстады.

Президенттің Құттықтауында: «Құрметті Наурыз Қылышбайұлы! Сізді мерейтойыңызбен құттықтаймын! Өзіңіз жер жаннаты Жетісу өңірінде туып-өсіп, бірнеше ауданда басшылық қызметтер атқарып, сол аймақтың саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени тұрғыда өркендеуі үшін жемісті жұмыс жасап, құрметіне бөлендіңіз. Әрдайым сенім биігінен көрініп, кейінгі буынға үлгі-өнеге көрсете білдіңіз. Ұлттық құндылықтар, отбасы және жастар тәрбиесі, тарихи тұлғалар туралы жазған мақалаларыңыз бен кітаптарыңыз оқырмандарға ой салатын дүниелер екені анық. Алдағы уақытта да қоғамдық-саяси істерге белсене атсалысып, өмірдегі мақсаттарыңызға жете беріңіз. Сізге зор денсаулық, өркен жайған әулетіңізге құт-береке тілеймін», - делінген хатта. Мұнан соң ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, Сенаттың бірқатар депутаттарының құттықтау тілектерін оқыды. Сол сияқты облыс әкімінің үлкен марапаты саналатын – Құрмет грамотасын қоса тапсырып, ардагердің иығына шапан жапты.

Құттықтауды ары қарай өз сөзімен жалғаған Амандық Баталов:

- Жетісу өңірі өзіңізді мақтан тұтады. Сіздің ағалық ақылыңыз, қолдау пікіріңіз біз үшін әрқашан құнды. 2000 жылдардың басында Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығында болған уақытыңызда бірге жұмыс істедік. Сол саланы бүге-шігесіне дейін білетініңізді көрсетіп, тындырымды еңбек еттіңіз. Сіз – нағыз патриотсыз. Туған өлкенің тарихын түгендеп, тарихи тұлғаларды танытуда үлкен еңбек сіңіріп келесіз. Бұл біздің жас ұрпақ үшін аса керек құнды дүние. Талдықорғандағы Орталық мешітті салуға бастамашы болдыңыз, тіпті сол мешіттің авторы десек те болады. Елге қызмет жасадыңыз, соған сай көптің құрметіне бөлендіңіз, ұлағатты ұрпақ өсірдіңіз, бүгін айтулы жасқа жетіп отырсыз. Мұның бәрі – адамға берілген шынайы бақыт. Қашанда осындай еңселі де сергек қалпыңызбен ұзақ жасай беріңіз, - деп ізгі пейілін білдірді.

Құттықтау тілекке облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, ардагерлер Серік Мұқанов, Оралбек Жақиянов, Райхан Серғазинова, облыстық мәслихаттың хатшысы Жанболат Жөргенбаев қосылып, Наурыз Қылышбайұлының ұрпаққа үлгі болар іскерлік, адамгершілік, қатаң талапшылдық қасиеттерін тілге тиек етіп, мерейтой иесіне зор денсаулық, отбасына бақ-береке тіледі. Мәлихат депутаттарының атынан да Н.Қылышбаевқа құрмет көрсетілді.

Кездесу соңында өзін арнайы құттықтап, ізгі ниетін танытқан облыс басшысына, ардагерлер қауымына, мәслихатқа алғысын жеткізген Наурыз Қылышбайұлы ғұмыр жолындағы кейбір тағылымды сәттерді еске алды. Кеңестік кезеңде Балпық бидің кесенесін қандай қиындықпен көтергендерін қысқаша баяндап берді. Кітаптарын тарихты шама-шарқынша түгендеуге атсалысу, өмір сапарында көргендерін, көңілге түйгендерін, тәжірибесі мен тәлімін өзінен кейінгі ұрпаққа беріп кету мақсатымен жазатынын айтты. Қаламгер ардагердің айтуынша, қазір «Сексеннің берген сыйы» деген кітабы басуға дайын тұр.

- Шешем айтып еді: «Ешкімге қиянат жасама, зияның тимесін. Ұлыңды қылығына ұялмайтындай қылып өсір, қызыңды қылығына қызармайтындай қылып өсір» деп. Шешемнің аманатын орындадым деп ойлаймын. Киелі әруақтарға, халыққа қызмет етуден шаршаған жоқпын, әлі күнге қызмет етуге дайынмын. Құрмет көрсетіп жатқандарыңа көп рахмет, - деген Наурыз Қылышбаев облыс әкіміне Қадырғали Жалайыри қорынының «Балпық би» медалін тапсырды.

Наурыз Қылышбаев – қоғам қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы. Қаратал, Андреев, Ақсу, Көксу аудандарын басқарған. Ескелді, Балпық, Қабылиса, Жолбарыс, Қарынбай сияқты аруақты бабалардың есімі мен еңбегін жаңғыртуға көп еңбек сіңірді. Бірнеше шежірелік және тәрбиелік кітаптардың авторы.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.