Облыс бюджеті нақтыланды

Облыс бюджеті нақтыланды

Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов облыстық мәслихаттың XХІV кезектен тыс сессиясы өтті. Күн тәртібінде 7 мәселе қаралды.

 

«Алматы облыстық мәслихатының «Алматы облысының 2017-2019 жылдарға арналған бюджеті туралы»  2016 жылғы 9 желтоқсандағы № 11-54 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» негізгі баяндаманы  облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов жасады.

 

Ж.Әмірханов нақтыланғаннан кейін облыстық бюджет 408,4 млрд. теңгені құрағанын айтты. Барлық енгізілген өзгерістер облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына және мақсатты индикатарларға қол жеткізуге бағытталған. Мәселен, білім саласына 3,4 млрд. теңге,  денсаулық сақтау саласына - 955 млн. теңге, оның ішінде санитарлық автокөлік сатып алуға - 360 млн. теңге қосымша қарастырылған. Әлеуметтік көмек көрсетуге және әлеуметтік қамсыздандыру саласына 61 млн. теңге бағытталады, оның 3,5 млн. теңгесі Талдықорған қаласында «Инватакси» қызметін дамытуға бағытталған мемлекеттік тапсырысқа қарастырылды.  Мәдениет, спорт, энергетика, ТҮКШ және басқа да салалар назардан тыс қалған жоқ. Автокөлік жолдарына 1,2 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде облыстық маңыздағы жолдарға - 422 млн. теңге, аудандық және қалалық маңыздағы жолдарға - 832 млн. теңге. Қаржы жолды ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізуге, көпірлерді күрделі жөндеудің ЖСҚ-сына жұмсалады. Сол сияқты «G4 City» қаласының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымына 117 млн. теңге бағытталады.

 

Сессия барысында Алматы облысын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасын жаңа редакцияда бекіту, Талдықорған қаласының құрамдас бөліктерін атау және қайта атау, қаланы және облыстың елді мекендерін абаттандыру, ережелерін бекіту, облыстың көк өскіндерін баптау мен қорғау мәселелері қаралды. Сол сияқты облыстық мәслихат хатшына Алматы облысы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы қызметіне бағалау жасау өкілеттігін жүктеу мәселесі де қаралды.

 

Сонымен қатар «Арнайы мониторинг тобы жүргізген жұмыс және «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы» баяндаманы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев жасады.

 

Сессия соңында қолдау білдірген облыстық мәслихат депутаттарына алғысын білдірген облыс әкімі Амандық Баталов бөлінген қаржы өз уақытында әрі сапалы игерілуі керек екенін атап өтті. Сондықтан облыстық басқармалар мен департамент басшылары, аудан, қала әкімдері бюджет қаржысының игерілуін тұрақты әрі қатаң бақылауда ұстауы тиістігін ескертті.