Өткен 9 ай қорытындыланды

Өткен 9 ай қорытындыланды

Бүгін облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында биылғы жылғы 9 айдағы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен 4-ші тоқсанға қойылған міндеттер талқыланды.

 

Негізгі баяндаманы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов жасады.

 

Ж. Әмірхановтың айтуынша, облыста өнеркәсіп өндірісінің көлемі 540,0 млрд. теңгені құрады,  нақты көлем индексі - 104,3%. 44 жаңа нысан іске қосылып, жұмыс істеп тұрған 25 нысан кеңейтілді, қосымша 1191 жұмыс орны құрылды. Карта шеңберінде құны 55 млрд. теңге болатын 7 жоба пайдалануға беріліп, 1475 жұмыс орны құрылды. Бүгінгі күні 2 нысан іске қосылды – Қаратал ауданындағы «Алматы Шыны» және металл конструкцияларын өндіретін «PSI StroyIndustry» зауыттары.

 

Ауыл шаруашылығында жалпы өнім 459,6 млрд. теңге болып, өсім 1,6% құрады. Биылғы жылы АӨК нысандарына бөлінген мемлекеттік қолдау бюджеттік қаржысы 33,9 млрд. теңге, оның ішінде субсидий - 25,7 млрд.теңге.

 

9 айдың ішінде облыс экономикасына 349,8 млрд.теңге инвестиция тартылды, нақты көлем индексі 89,4%. Бюджеттен тыс инвестиция тарту жолдарының бірі –мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту. Қазіргі кезде облыс қоржынында жалпы құны 216 млрд. теңгенің 33 жобасы бар.

 

Сонымен қатар баяндамашы шағын және орта бизнесті, әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларын дамыту, құрылыс көлемін арттыру мәселелері туралы айтып өтті.

 

Баяндамасының соңында Ж.Әмірханов жыл соңына дейін бірқатар міндеттерді оңды шешу қажеттігін атап өтті. Олардың қатарында Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын жүзеге асырудың Жалпыұлттық іс-шаралар жорпарын, «5 институционалдық реформаны жүзеге асыру бағытындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, «Нұрлы жол» бағдарламасын сапалы әрі мерзімінде орындау міндеттері бар. Өнеркәсіп саласында да жұмысты жандандыру қажет, ең бастысы жүйе құраушы кәсіпорындардың өндіріс көлемінің азаюына жол бермеу керек. Ауыл шаруашылығы дақылдарын белгіленген мерзімде шашау шығармай жинап алып, қысқы мал азығын қамтамасыз ету, қыстан мал басын аман алып шығу – басты міндеттердің бірі. Сол сияқты жылыту маусымын ойдағыдай өткізу де тұрақты назарда болады. Әлеуметтік маңызды тауар түрлерінің бағасын ырықтандыру шаралары бақылауда болуы тиіс.

 

Мұнан соң Жамбыл ауданының әкімі Ж. Далабаев, Текелі қаласының әкімі Б.Өнербаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы С.Бекішов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының м.а. Ә.Қанағатов баяндама жасады. Хабарламаларды тыңдаған облыс әкімі олардың әрқайсысының жұмысындағы кемшіліктерге тоқталды.

 

Мәселен, Жамбыл ауданында білім сапасы төмен, небәрі 49,5 %. Мал бордақылау алаңдары мен сүт-тауарлы фермаларын дамыту бәсең жүруде, ауданда барлығы 3 мал бордақылау алаңы мен 5 сүт-тауарлы фермасы ғана бар. Текелі қаласында шағын және орта бизнесті дамыту бағытында халыққа микрокредиттер беру көрсеткіші төмен. Облыс басшысы жұмыс істеу тиімділігін арттырып, кемшіліктерді жою үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

 

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының көрсеткіштері өскенімен, бір ғана мәселеде – етті экспортқа шығару ісінде кенжелеп тұр.

 

- Облыста 1 млн. басқа жуық ірі қара мен 4 млн. басқа таяу ұсақ мал бар. Жұмыс жасаңыздар, экспортқа шығыңыздар, әзірге нәтижелі жұмысты көріп тұрған жоқпын, - деді А.Баталов.

 

ТҮКШ саласында Талдықорған қаласы басшылығымен бірлесіп, тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау жұмыстары жүргізілуі қажет. Сонымен қатар қалада орнатылған жәшіктер мен контейнерлердің жағдайына мониторинг жасап, тозығы жеткендерін, бүлінгенін ауыстыру керек. Облысты газдандыру мәселесі, оның ішінде қосылу тарифі тұрақты бақылауда болуы тиіс.

 

Облыс әкімі индустриалды аймақтарды дамытуды, жыл соңына дейін салынып бітуі тиіс мектептердің құрылысын бақылауды, денсаулық саласында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетігін дамытуды жалғастыру қажеттігін атап өтті.

 

Әкімдік отырысын қорытындылаған Амандық Баталов:

 

- Облыстың 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жаман емес, көптеген көрсеткіштер бойынша өсім байқалады. Жұмыс барысында туындаған қатардағы мәселелер шешіліп жатыр. Дегенмен кейбір аудан, қала әкімдерінің жеткілікті көңіл бөлмеуінің салдарынан жіберілген біраз кемшіліктер бар. Сондықтан әкімдер жұмысын әлі ширата түсуі керек. Себебі әр аудан-қаланың атқарған жұмысынан облыстың жалпы жағдайы, көрсеткіші құралады, - деді.