Кербұлақ ауданында мал тұқымын асылдандыру ісі дамытылуда

Кербұлақ ауданында мал тұқымын асылдандыру ісі дамытылуда

Алматы облысы Кербұлақ ауданы Бостан ауылының тұрғыны Ерлан Нұрсейітов мал шаруашылығымен айналысуды 2017 жылдан бастаған. Қазіргі кезде өзі құрған «Нұрсадық-Агро» ЖШС-да 204 бас ірі қара мен жылқысы бар. Оның шаруасын дөңгелентуге «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы зор қолдау танытты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

«Шаруашылықтың іргесін кеңейтуге «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен 48 млн. теңге несие алып, 120 бас асыл тұқымды құнажын сатып алдым. Асыл тұқымды мал шаруашылығын одан әрі дамыту мақсатында Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының мамандарымен тығыз байланыста жұмыс істейміз», - дейді өз тәжірибесімен бөліскен «Нұрсадық-Агро» ЖШС жетекшісі Е.Нұрсейітов.

Кербұлақ аудандық әкімдігінің дерегіне сүйенсек, ауыл шаруашылығы қорында сәйкестендіру тіркеуінен толық өтіп болғаннан кейін серіктестік асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал өнімдерінің сапасы мен өнімділігін арттыру және басқа да бірнеше бағытта субсидия алуға өтінім бере алады. Үкімет тарапынан отандық асыл тұқымды малдың бір басына 150 мың теңгеден қарастырылған.

Жалпы бүгінде Кербұлақ ауданында 56485 бас ірі қара, 249569 бас қой-ешкі, 18586 бас жылқы, 65 бас түйе, ал құс саны 66556-ға жетті.

Атап өтсек, Алматы облысында ірі қара саны 1,3 миллионнан, ал қой мен ешкі саны 4,2 млн. бастан асты. Биылғы жылы құны 19 млрд. теңгелік 23 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген, соның ішінде мал бордақылау ісі бойынша 8850 басқа арналған 8 нысан бар.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.