Оқыту мен тәрбиелеуге жағдай жасау – басты назарда

Оқыту мен тәрбиелеуге жағдай жасау – басты назарда

Жуырда Еңбекшіқазақ ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар А. Мәлкеев атындағы «Білім - инновация» Есік лицей-интернатында болды. Облыс әкімінің орынбасары білім мекемесі басшылығының жұмысына көңілі толмайтынын айтты. Ескертулер ғимараттағы температуралық режимнің сақталмауына және оқу процесінің дұрыс ұйымдастырылмауына қатысты айтылды. Ең басты кемшілік – оқушылардың білім сапасының төмендігі.

 

- Білім мекемесінде көп нәрсе басшысына байланысты. Өзінің қызметтік міндеттеріне немкетті қараған адамның жұмысының нәтижесі де соғай сәйкес болады. Оқу процесі де, тәрбие жұмыстары да, оқушылардың тұрмыстық жағдайлары да директордың тікелей бақылауында болуы керек. Туындаған мәселелерді бірлесіп жедел әрі тиімді шешу  үшін ондай мәселелерден дер кезінде хабардар етіп отыру керек, - деді Ж.Омар лицей-интернат директоры Еркін Тұрлыбековке.

 

Облыс әкімінің орынбасары қысқа мерзім ішінде анықталған кемшіліктерді жойып, оқушылардың білім сапасын арттыруға жұмыс істеуді тапсырды. Оған аудандық білім бөлімі де өз тарапынан қажетті әдістемелік көмек пен қолдауын көрсетіп, ықпал етуі тиіс. Сол сияқты Ж.Омар біршама уақыттан кейін бұл білім мекемесіне қайта келетінін, сол кезде лицей басшылығының өз жұмысын атқарудағы жауапкершілігінде алға жылжушылық бар ма, лицейдің жұмысы жақсарды ма деген тұрғыда бағалайтынын айтты.

Атап өтсек, қазіргі кезде А. Мәлкеев атындағы «Білім - инновация» Есік лицей-интернатында 249 оқушы оқиды. Жатақханасы 260 орынға арналған, асханасында оқушылар күніне бес рет тамақтанады. Сондай-ақ қазіргі уақытта «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде ауласының аумағына жөндеу жүргізіліп жатыр.