Азаматтардың өтінішін қарау - басты назарда

Азаматтардың өтінішін қарау - басты назарда

Бүгін облыс әкімдігінде облыс әкімі аппаратының басшысы Батыржан Құлаймергеновтің төрағалығымен ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің облыстық басқармасымен бірлескен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы семинар-кеңес өткізілді.

 

Семинар селекторлық режимде аудан, қала әкімдіктері мен облыстық басқармалар өкілдерінің қатысуымен өтті. Жиын барысында ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және есепке алу комитетінің Алматы облысы бойынша басқармасы басшысының орынбасары Алиса Самойленко баяндама жасады. Оның айтуынша, облыс бойынша органдар мен мекемелерге 2016 жылы 60 мыңнан астам өтініш түссе, биылғы жылдың алты айында 48 мыңдай өтініш тіркелген. Солардың басым бөлігі атқарушы органдарға тиесілі. Соның ішінде Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ, Қарасай аудандары мен Талдықорған қаласының тұрғындарынан арыз-шағымдар жиі түседі. Мәселен, Іле ауданында биылғы жылдың 8 айында 8440, Еңбекшіқазақ ауданында 5887, Талдықорған қаласында 5689 өтініш тіркелген. Өтініштердің басым бөлігі жер қатынастары, жұмыспен қамту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелерін көтерген.

 

Өтініштерді қарастыру барысында Басқарма тарапынан жасалған талдау кезінде біртекті қайталатын кемшіліктер Еңбекшіқазақ, Талғар аудандарында орын алғаны анықталды. Бұл орайда өтініш қабылдау барысында талонның берілмеуі, хаттардың орындалу мерзімінің сақталмауы, жергілікті атқарушы органның құзіретіне кірмейтін мәселені қарастыру сияқты ортақ кемшіліктерді атап өтуге болады.

 

Осыған орай жоғарыда аталған аудандар мен қаланың аппарат басшылары хабарлама жасап, олқылықтарды жою барысында қабылданған шаралар жайлы баяндады. Кемшіліктерге жол берудің негізі себептері ретінде адами факторлар, кадрлардың жиі ауысуы мен техникалық себептер де атап өтілді.

 

Семинар қорытындысы бойынша айтылған ұсыныстар есепке алына отырып, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің облыстық басқармасы тарапынан жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы жадынама әзірленетін болады. Және аудан, қалалар бойынша көшпелі және селекторлық режимде оқыту семинарларын өткізілмек.

 

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі аппаратының басшысы Батыржан Байжұманов жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау ісі облыс әкімнің  тұрақты назарында екенін айтып өтті.

 

- Хаттарды қарау нәтижелеріне тек қана орындаушы мамандар ғана емес, басшылар да тікелей жауап беруі тиіс. Кемшілікке жол берген қатардағы қызметкерлерді тәртіптік жазаға тартумен мәселе шешілмейді. Сондықтан аппарат басшылары, аудан, қала әкімдері өтініштерді қарау тәртібінің сақталуын тікелей бақылауға алып, апта сайын талдау жүргізіп отыруы керек. Халықтың мемлекеттік қызметкерлерге деген сенімін қалыптастыру, мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігі өтініштерді қарау сапасына тікелей байланысты», - деді Б. Байжұманов.