
Алматы облысы Кеген ауданының орталығында «Үміт сәулесі» атты 18 жасқа дейінгі балаларға арналған оңалту орталығы ашылды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Орталық Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауына сәйкес облыстағы «Қамқорлық» жобасының аясында ашылды. Нысан 25 балалға арналған.
- Мүмкіндігі шектеулі балалар осы орталықта таңғы 8-ден кешкі 6-ға дейін болады. Бұл ата-аналарға да жасалып отырған жеңілдік әрі жақсылық десек, артық айтпаймыз. Осынау жылы да жайлы орталықта арнайы мамандар жұмыс істейді. Балаларға массаж жасалады, түрлі-түрлі емдік дене шынықтыру іс-шаралары жүргізіледі. Бұл орталық ата-аналар үшін тегін, бар шығынын өзіміз көтеріп аламыз. Бүгінгі ашылып отырған орталық құтты болсын! Балапандарымыздың қатарға қосылып кетуіне шарапаты тисін! - деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Маржан Мұратқызы орталықтың салтанатты ашылу рәсімінде.
Бұдан соң аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков сөз алып, ыстық лебізімен бірге жаңадан ашылған орталыққа аудан әкімдігі атынан сый-сияпатын жасады. Аудандағы шаруа қожалығының жетекшісі, белгілі кәсіпкер азамат Жұмабек Бірімтаев ақ батасымен бірге қаржылай қолдау көрсетті. Кеген ауылының тұрғыны, зейнеткер ана Күміс Қашағанова да осындай орталықтың ашылуына үлес қосқан жандарға ата-аналар атынан жүрекжарды алғысын айтты.
Салтанатты сәтте «Үміт сәулесі» атты оңалту орталығының жетекшісі Шолпан Жанбабаева мәртебелі қонақтарды орталықтың жұмысымен таныстырды, жасалған жағдайларды, материалдық базасын, құрал-жабдықтарды көрсетті.
Жалпы Кеген ауданында 763 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Оның 87-сі - бала. 29 балаға үйден арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Өткен жылы 1 топтағы 15 мүмкіндігі шектеулі азамат инватаксиді пайдаланып, 23 мүмкіндігі шектеулі азамат жеке көмекшімен қамтамасыз етілді. Ымдау тілі қызметінің маманын 3 адам пайдаланды. 81 адам міндетті гигиеналық құралдармен қамтылды. 46 адамға протез-ортопедиялық құрал берілген. 11 адам кресло-арбамен, 25 адам тифло-техникалық құралмен, 45 адам сурдотехникалық құралмен қамтамасыз етілді. 62 адам санаторлық-курорттық сауықтыруға жолдама алды.