Шекаралы ауданның стратегиялық жобалары

Шекаралы ауданның стратегиялық жобалары

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин халықаралық деңгейдегі ірі стратегиялық жобаларды жүзеге асыру шеңберінде тұрғызылып жатқан маңызды құрылыс нысандарында болды.

 

Алтынкөл станциясына келген бірінші вице-министр «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автокөлік жолының презентациясымен, Қорғас өзеніндегі қорғаныс нысанының құрылысымен, екінші халықаралық шекаралық темір жол өткелінің жұмысымен танысты.

 

Бұдан әрі бірінші вице-премьер Асқар Мамин, облыс әкімі Амандық Баталов және олармен бірге жүрген инвестициялық және құрылыс компанияларының басшылары «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА аумағында болып, Құрғақ порттың іске қосылған нысандарын, оның ішінде Құрғақ порт операторының, кедендік рәсімдеу орталығының, АЭА басқару компаниясының ғимараттарын, салынған контейнерлік терминалдарды, уақытша сақтау қоймаларын аралап көрді.   

 

100 мың халық тұрады деп жоспарланған болашақ қаланың аумағында жаңа Нұркент қаласының құрылыстық жобаларымен бас жобалаушы «Урбостиль» ЖШС басшысы Любовь Нысанбаева таныстырды.

 

Мұнан кейін ресми делегация «Қорғас» ХШЫО-да болды. Мұнда халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығының түзетулер енгізілген бас жоспары мен инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы жайлы мәлімет берілді. Олардың қатарында қолөнершілер қаласы, қонақ үй кешендері, сауда орталықтары, этноауыл және басқа да нысандар бар.